ҚР Бас прокурорының орынбасары Болат Дембаев Қордай ауданындағы жаппай тәртіпсіздікке қатысты үндеу жасады.

2019 жылғы 7 ақпанда Жамбыл облысының Қордай ауданында жаппай төбелес болды. Бүгінге бірқатар қылмыстық іс тергеліп жатыр, олардың барысында барлық кінәліні анықтап, заңда белгіленген жауаптылыққа тарту үшін шаралар қамтамасыз етіледі. Дегенмен жекелеген тұлғалар болған оқиғаларды бұрмалай отырып, ұлттық негіздегі құқыққа қарсы әрекеттерге шақыру арқылы көрінеу жалған ақпаратты қасақана таратып отыр, — делінген Бас прокуратура жария еткен үндеуде.

Болат Дембаевтың мәліметінше, қазір әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде елдегі ұлтаралық тұрақтылыққа қауіп төндіретін, Қордай ауданындағы оқиғаға қатысы жоқ видео және аудиоматериалдарды орналастырудың жаңа фактілері тіркеліп жатыр. Құқық қорғау органдары мұндай арандатушы материалдарды кім жариялағанын анықтады, олар қылмыстық жауапкершілікке тартыла бастады.

Алматында 1990 жылғы және 1987 жылғы екі адам Facebook желісінде халықты зорлық-зомбылық жасауға үгіттеген. Осы сияқты хабарламаны Тараздың 1983 жылы туған тұрғыны WhatsApp арқылы таратқан. Оларға қатысты Қылмыстық кодекстің 272-бабының 3-бөлігі («Азаматтарды зорлық-зомбылыққа шақыру») бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Заңдылықты, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында еліміздің барлық тұрғынынан менің үндеуіме көңіл аударуды сұраймын! Қазақстан Республикасы Конституциясының 39-бабы ұлтаралық келісімді бұзатын кез келген іс-әрекетке тыйым салады. Осы талап бұзылған жағдайда ұлттық араздықты және алауыздықты қоздыру жөніндегі қасақана іс-әрекеттер (ҚК 174-бабы), жаппай тәртiпсiздiкке не азаматтарға зорлық-зомбылық жасауға шақыру (ҚК 272-бабы) және көрінеу жалған ақпарат тарату (ҚК 274-бабы) деректері бойынша қылмыстық жауаптылық қарастырылған, — деді Болат Дембаев.

Бас прокуратура азаматтарды шындыққа жанаспайтын мәліметті таратпауға және арандатушылыққа берілмеуге үндейді. Қордай ауданындағы оқиға бойынша тергеу барысы мен нәтижесі туралы шын ақпарат бұқаралық ақпарат құралдарында, ішкі істер және прокуратура органдарының ресми интернет-ресурстарында, брифингтерде жарияланады.

Бас прокуратураның мәліметінше, Қордай ауданындағы оқиға бойынша 25-тен астам сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Олар — жаппай тәртіпсіздік және оған шақыру, кісі өлтіруге, бұзақылыққа, зорлық-зомбылық жасауға арандату, полиция қызметкерлерінің өміріне қастандық жасау бойынша қылмыстық істер. Бұл істер бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің, Ішкі істер министрлігінің және Экономикалық тергеу қызметінің тергеушілерінен ведомствоаралық және ведомстволық тергеу топтары құрылды.