Finprom.kz мәліметінше, 2019 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысына қарағанда елімізде коммуналдық қызметтер арзандаған: тұрғын үй қызметі, су, электр энергиясы, газ бен жылу құны өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1,7%-ға төмендеген. 2018 жылдың басында тариф 8,1%-ға жоғарылаған еді.

Республика бойынша тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторында баға жалпы төмендегенімен 8 өңірде тариф өскен. Павлодар облысында бұл саладағы баға бір жылда 2,7%-ға, Қостанай облысында 2,2%- ға, Шығыс Қазақстан облысында 1,9%-ға жоғарылап отыр. Бір жыл ішінде, әсіресе, қоқыс шығару, пәтерді жалға беру, жөндеу және үйді күту тарифі көтерілген. Биыл қоқыс шығару қызметінің құны былтырғы бірінші тоқсанмен салыстырғанда 8,4%-ға жоғары болып отыр. Пәтерді жалға беру бағасы 4,9%-ға, жөндеу 4,4%-ға, үйді күту шығындары 1,2%-ға өскен.

Сарапшылардың мәліметінше, Еуразия экономикалық одағының өзге елдерімен салыстырғанда Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық секторындағы баға әлдеқайда тұрақты. Қырғызстанда жылдың басынан бері бұл сектордың тарифі 0,6%-ға ғана азайса, Ресейде 2,3%-ға жоғарылаған. Қазақстанда тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы тариф жылдың басынан бері 4,2%-ға төмендеген.

Қазақстан мен Қырғызстанда баспананы күту бағасы биыл өзгере қойған жоқ. Ресейде өткен жылдың бірінші тоқсанына қарағанда 1,6%-ға жоғарылаған. Сумен қамту тарифі Қырғызстанда өзгеріссіз қалса, Қазақстанда суық су тарифі 2018 жылдың желтоқсанынан 2019 жылдың наурызына дейін 7,5%-ға, ыстық су тарифі 6,1%-ға азайған. Ресейде суық су 1,6%-ға, ыстық су 1,9%-ға қымбаттаған.