Ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Талғат Сағынтаев Chameleon тобы туралы шәкірттерінен естіген. Өмірінің бірсарынды өтіп жатқанын сезіп, әр күнді белсенді демалыспен өткізетін топқа қосылуды ұйғарған. Жасы 37-де.
Таңертең жұмысқа барамын, кешке үйге қайтамын. Әр күнім осылай қайталана берді. Бір күні шәкірттерімнен бос уақытты салауатты өмір салты бойынша әрі көңілді өткізетін «хамелеондар» жайлы естідім. Мен де олардың WhatsApp желісіндегі тобына қосылдым. Бүгін, міне, жұмыстан шыға сала, бір сергу үшін биге келдім, — дейді Талғат.
Chameleon бір-бірін бұрыннан білетін адамдар тобы емес, осылай Талғат сияқты жаңа орта, жаңа өмір салтын іздеп жан-жақтан келгендер. Бірі — дәрігер, бірі — биолог, енді бірі — компания менеджері. Әрқайсының жасында, ұлтында, мамандығында, басқа да ерекшелігінде ешкімнің шаруасы жоқ. Оларды біріктіретін бір ғана нәрсе — өмірді қызық өткізу.
Топты 4 жыл бұрын 29 жастағы Руслан Кеншінбаев құрған. Ол Ғылыми-техникалық сараптама ұлттық мемлекеттік орталығында жұмыс істейді. Руслан бос уақытында достарымен тау бөктерінде велосипед тепкенді ұнатады. Дәл осы хоббиі өзі сияқты адамдардың басын қосуға себеп болған.
Мысалы, біз сияқты велосипед теуіп жүрген басқа адамдар бар. Олар бізден жол сұрауы мүмкін. Кейін ортақ нәрсеге қызығатындықтан олармен ары қарай араласып кететінбіз. Велосипед тебуге бірге шыға бастадық. Осылайша күннен-күнге ортамыз кеңейіп, жарты айда 45 адам болдық. Содан кейін Chameleon атты белсенділер тобын құруды шештік, — дейді Руслан.
Бүгінде Chameleon тобында 100-ден астам адам бар. Русланның айтуынша, адам саны көбейген сайын ұсыныстар да артқан. Белсенділердің бірі теннис ойнағанды, бірі билегенді, бірі тауға шыққанды ұнатады. Сол себепті олар бір аптаға жеті бағытта жоспар құрған. Мысалы, дүйсенбі — хореография күні, ал сейсенбіде кинотеатрға барады. Сәрсенбі — ашық ойлар күні, яғни көпшілік қалаған нәрсе болады. Бейсенбіде антикафеге барып, әртүрлі ойын ойнайды, караокеде ән айтады, әңгіме-дүкен құрып, бір-бірімен жақынырақ танысады. Жұма күні коньки тебуге барса, сенбіде волейбол ойнайды. Жексенбіде олар екіге бөлінеді: бір топ баскетбол ойнайды, бір топ тауға шығады. Бұл жоспар маусым мен ауа райына қарай басқа да қызық бағыттарға өзгеріп отырады.
Байқағаныңыздай, біздің топтың адамдары да, олардың қызығушылығы да сан қырлы. Тура хамелеон (түсін жиі өзгертетін кесіртке, құбылғы — ред.) жәндігі сияқтымыз, сол себепті өзімізді «хамелеондар» деп атаймыз, — дейді топ жетекшісі.
Топта белсенділердің жасы шамамен 18-45 аралығында. Көбі — студент. Русланның байқауынша, жастар көбіне антикафеге барғанды ұнатады, ал үлкендеу адамдардың сүйікті ісі — тауға шығу.
Біздің қоғамда «Кішілер үлкендерді тыңдауы керек» немесе «Үлкендер кішілерге үлгі болуы керек» деген ой қалыптасқан, сол себепті басында 18 жастағы адам мен 45-тегі адамның араласуы қиынға соқты. Екеуінің арасында бір шекара тұратын, бірақ бұл белсенділер жиі уақыт өткізе келе ол шекараны жоя бастады. Қай жастағы адамның да көргені бар екенін түсінді. Үлкен кішіден, кіші үлкеннен тәжірибе алуды үйренді. Қазір тіпті үлкен кісілер балаларын да ертіп келеді, — дейді Руслан.
Бұл топтың ішкі тәртібі бар. Мүшелерге бірін-бірі ренжітуге, балағаттауға, түрлі шара кезінде алкогольді ішімдік ішуге, шылым шегуге рұқсат жоқ. Русланның айтуынша, топтың мақсаты — адамдардың әр қырын ашып қана қоймай, салауатты өмір салтын ұстануға үйрету.
Әрине, мен оларға «ішпе» немесе «шекпе» деп бұйыра алмаймын, бірақ бізбен бірге болғысы келсе, ол адам өзін зиян әдеттерден тыюға тырысуы керек. Бұдан бізге емес, өзіне жақсы. Меніңше, біз әрбір азаматты салауатты өмір салтын ұстануға үгіттеуіміз керек. Сау адам — еліміздің капиталы. Еліміздің дамуына тым болмағанда осы жағынан үлес қосуымыз керек деп есептеймін, — дейді белсенді.
Осы топта өмірлік серігін тапқандар бар. Chameleon Дияс пен Әлия, Ольга мен Роман деген жастардың жарасып, шаңырақ құруына себеп болған.
Жақында тобымызда тағы бір жұп пайда болды. Бұйырса, олар жазда үйленеді, — дейді топ жетекшісі.
Топтың жұмысын ұйымдастырудан Руслан ешқандай пайда көрмейді, керісінше, қаражаты мен уақытын жұмсайды. Ол бұл еңбегін волонтерлық деп есептейді.
Бұл — жан рақаты, одан неге табыс табуды ойлауым керек? Біздің топта студент көп, сол себепті, керісінше, қаражат жағынан тиімді тұстарды қарастырып отырамын. Тағы бір мысал айтайын, бізге Айя есімді қыз биді тегін үйретеді. Ол негізі — банк қызметкері, бірақ би билеуден ләззат алады, — дейді Руслан.
Русланның айтуынша, Chameleon тобы бос уақытты тиімді әрі пайдалы өткізуді қалайтын кез келген адамды қабылдайды. Жаңадан қосылған адамдардың талғамы мен мүддесіне қарай топ келешекте белсенді өмір мен хоббидің басқа да бағыттарын дамытпақшы.