Министр: Саудагерлер Қытайдағы жағдайға бола бағаны әдейі көтерді

«Sputnik Қазақстан» тілшісінің хабарлауынша, министр еліміз Қытайдан тауар әкелуге тыйым салмағанын айтты.

Қазіргі кезде тауар сатушылардың бірқатары Қытаймен арадағы шекара жабық екенін айтып, азық-түлік бағасын көтере бастады. Қазақстан Қытайдан да, Қытайға да тауар тасымалдауды тоқтатпағанын хабарлаймын. Бұл — осыны бағаны көтеруге сылтауратып отырған бизнестің теріс ниетті әрекеті ғана, — деді Бақыт Сұлтанов.

ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Үкімет отырысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру шаралары қаралды. 2019 жылы Қазақстанда азық-түлік 10,4% қымбаттаған. Өңірлерде саудагерлердің бағаны белгіленген шамадан 67 рет асырғаны анықталды. Қаңтар айында Үкімет жанынан Көтерме-тарату және агрологистика орталықтары желісін дамыту жөніндегі жаңа жоба офисі құрылды, ол апта сайын мүдделі мемлекеттік органдардың, қаржы институттары мен нарық өкілдерін қатыстырып отырыс өткізеді. Премьер-министр Асқар Маминнің айтуынша, 2019 жылдың қарашасында азық-түліктің қымбаттауына жол бергені үшін өңір әкімдері орынбасарлары жазаланғаннан кейін жағдай біршама тұрақтанды, бір айдан кейін азық-түлік бағасының жалпы өсімі 0,1%, биылғы қаңтарда 0,3% ғана болды.

Сауда және интеграция министрлігінің мәліметінше, базарлар мен басқа да сауда орындарында азық-түліктің шамадан тыс қымбаттағанын байқаған жағдайда 8 (7172) 75 16 32, 8 (7172) 74 98 32 нөмірлеріне хабарлау қажет.

Айта кетейік, Қазақстан 27 қаңтардан бастап Алматы — Нұр Жолы — Үрімші, Өскемен — Майқапшағай — Үрімші, Жаркент — Қорғас — Құлжа, Аягөз — Бақты — Зимунай бағыттары бойынша жолаушылар автобусы қатынасын (барлығы 14 рейс) тоқтатты. 2020 жылдың 1 ақпанында Қазақстан мен Қытай арасында жолаушылар пойызы тоқтатылды, ал 3 ақпаннан бастап екі ел арасындағы әуе тасымалы да жабылды.

Соңғы мәлімет бойынша Қытайда коронавирус жұқтырғандардың саны 20 400-ден асты, аурудан 425 адам қайтыс болды. Қазақстан індет ошағы — Уханьнан 83 адамды эвакуациялады, олардың арасында Қазақстанмен бірге Беларусь, Армения және Қырғызстан азаматтары да бар. Қазір олар Нұр-Сұлтанда карантинге жатқызылды, дәрігерлер олардың жағдайы тәуір екенін айтты.