ҚР Үкіметі жанындағы Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәліметінше, елге қайтқан азаматтарды Қазақстанның дәрігерлері жол бойы бақылап келді, олар қорғау құралдарымен түгел қамтамасыз етілген.

Эвакуацияланған азаматтар Нұр-Сұлтан іргесіндегі арнайы мекемеде қосымша тексеруден, ең әуелі коронавирус инфекциясын анықтайтын тестілеуден өтеді.

Денсаулық жағдайы тексерілгеннен кейін азаматтар Нұр-Сұлтаннан 7 шақырым жердегі көпбейінді аурухана жанындағы инфекцияға қарсы арнайы бөлінген корпуста 14 күндік карантинге жатқызылды. Клиника инфекциялық қауіпсіздік технологияларымен, қазіргі заманғы диагностика, ем және реанимация құралдарымен жабдықталған, тиісті медицина қызметкерлері бар, — деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Ведомствоаралық комиссияның хабарлауынша, карантин кезеңі кезінде бұл 83 адаммен аса қауіпті инфекциялармен жұмыс істеу тәжірибесі бар медициналық персонал ғана байланыста болады.

Елге жеткізілген азаматтардың туған-туыстары мен жақындары хабардар етілді және олар карантин кезеңнің регламентімен таныстырылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚХР-ға 13,6 тонна көлемінде медицина бұйымдары түрінде гуманитарлық көмек жеткізілді, — делінген комиссияның хабарламасында.

Қырғызстан, Беларусь, Армения биліктерінің өтініші бойынша Уханьнан қазақстандықтармен бірге осы елдер азаматтары да эвакуацияланды.

Азаматтарды жалған ақпарат таратпауға, ақпаратты ресми дереккөзден алуға және соған ғана сенуге шақырамыз. Барлық қажет ақпаратты ұсыну үшін «1406» сall-орталығы тәулік бойы жұмыс істейді, — деп хабарлады Премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Қазақстан коронавирустан сақтануға 1,5 миллиард теңге бөлді