Сооронбай Жээнбеков Уханьдағы көмегі үшін Қазақстанға алғыс айтты

Әңгімелесу барысында Қазақстан Президентінің 2019 жылғы қарашада Қырғыз Республикасына жасаған мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткен уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыру қажеттігі айтылды.

Тараптар кеден бекеттеріндегі жүк тасымалы рәсімдерін жеңілдету мақсатында цифр технология саласы бойынша ықпалдастық орнату мәселесін қарастырды.

Қырғыз Республикасының Президенті Сооронбай Жээнбеков Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстанның Қытайдың Ухань қаласынан қырғыз азаматтарын эвакуациялауға көмек бергеніне алғыс білдірді.

Еске салайық, 2 ақпан күні ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Шұғыл медицина ұлттық үйлестіру орталығы Уханьнан Қазақстанның 83 азаматын эвакуациялаған еді. Қазақстан олармен бірге Беларусьтің бес, Арменияның бір және Қырғызстанның 18 азаматын да елге алып келді. Эвакуацияланғандар елімізде 14 күн қатаң бақылауда болады.