Бұл туралы ҚР ДСМ Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің Алматы бойынша департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова баспасөз мәслихатында айтты. 

Қытайдың қандай бананы болсын, апельсині болсын, одан коронавирус жұқпайды. Сонымен бірге басқа да азық-түлік өнімдері арқылы бұл вирус тарамайды. Коронавирус тек адамнан адамға жұғады. Бұл жағынан уайымдаудың қажеті жоқ. Сіздің иммунитетіңіз төмен, көп ауыратын болсаңыз, коронавирусты жұқтырған адаммен байланыссаңыз, сонда ғана жұқтыруыңыз мүмкін, – деді Айзат Молдағасымова.

Алматының бас санитар дәрігерінің айтуынша, қазір қаладағы дәріханаларда бетперде қоры жеткілікті, бірақ тұрғындар бетпердені жаппай сатып алмағаны дұрыс.

Қазір Алматыда бетперде жеткілікті мөлшерде бар. Күні кеше Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті Алматыдағы 67 дәріхананы, ал әкімдік 70-тен астам дәріхананы тексерді. Соның тоғызында ғана бетперде болған жоқ. Қалғандарында бар, сатылып жатыр. 1,5 миллионға жуық бетперде бар. Бір дәріханада көп, енді бірінде аз. Бетперде болмағаны немесе оның бағасы көтерілгені сияқты оқиғалар қолдан жасалуы мүмкін. Күн сайын мониторинг жасап отырамыз. Бірақ бетпердені жаппай сатып алудың керегі жоқ, – деді ол.

Айта кетейік, Үкімет Қытайда пайда болған коронавирустың ел аумағына таралуына жол бермеу жөніндегі ұйымдастыру шараларын қолға алды.

Соңғы мәлімет бойынша Қытайда коронавирус инфекциясын 4515 адам жұқтырып, оның 106-сы қайтыс болды.

Қазақстанда Қытайдан келген 10 адам ауруханаға жатқызылды. Оның екеуі үйіне жіберілді.