Коронавирусқа қарсы штаб Алматыда жағдайды жіті бақылап отыр

Өңірлік штабқа Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаров төрағалық етеді. Штаб Алматыда коронавирус инфекциясын таратуға жол бермеу жөніндегі ұлттық жоспарды жүзеге асырады. Жұмыс тобы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов пен Қазақстанның бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің іс-қимылды жалпы үйлестіруі бойынша жұмыс істейді.

Өңірлік штабтың алғашқы отырысында қалада санитария-эпидемологиялық шаралар мен профилактиканы күшейту мәселелері қаралды. Штаб әзірлеген ведомствоаралық жоспар бойынша Алматыда коронавирус инфекциясының енуіне және тарауына жол бермеу мақсатында туристік және миграциялық лек бақылауға алынған. Вирус тараған елдерден келгендер халықаралық әуежайда және теміржол вокзалдарында міндетті түрде термометриядан өтеді. Ол үшін тепловизорлар мен портатив индикаторлар қолданылады. Алматы бетперделермен, дәрі препараттарымен, шприцтермен және тағы басқа керек-жарақпен жеткілікті қамтамасыз етілген.

Жалпы, қаладағы жағдай тұрақты және үнемі қатаң бақылауда, — деп хабарлады Алматы әкімінің баспасөз қызметі.

Отырыстың қорытындысы бойынша штаб төрағасы Ержан Бабақұмаров өткізу бекеттерінде бақылауды күшейту жөнінде хаттамалық тапсырмалар берді. Мемлекеттік органдарға коронавирус инфекциясының енуіне және тарауына жол бермеу шараларының кешенді жоспарын орындауды және мониторинг жүргізуді тапсырды. Ержан Бабақұмаров дәрі-дәрмек пен медицина бұйымдарын, әсіресе бетперделерді сатуда  қолдан ажиотаж туғызбауды да тапсырды. Өңірлік штабтың отырысы себепке қарай аптасына бір рет өтіп тұрады.