Басты бетЖаңалықтарҚасым-Жомарт Тоқаев...

Қасым-Жомарт Тоқаев өңір басшыларымен кездесті

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жыл қоғамдық-саяси оқиғаларға толы болады, ал мерейтойларға арналған іс-шараның барлығы іскерлік және атаулы сипат алуға тиіс.

Бұл әдеттегі аста-төк мерекенің бірі емес, қайта идеологиялық тұрғыдан ілгерілеуге және қазақстандықтарды біріктіруге бағытталған прагматикалық шаралар кешені болуы керек. Президент Әкімшілігі өңірлерге шаралардың идеологиялық мақсат-міндетіне қатысты нақты нұсқау береді, — деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Волонтер жылын сапалы өткізу керек екенін айтты. Оның пікірінше, жыл аясындағы шаралар — министрлік немесе Үкімет деңгейінде өткізілетін кезекті акция емес, еліміздің бүкіл аймағындағы азаматтардың басым бөлігін қамтитын жүйелі жұмыс, бұл істе атқарушы органдар шешуші роль атқаруы керек.

Президент әкімдерге тұрғындар тарапынан түсетін өтініштер мен талап-тілек бойынша жұмысты күшейтуді, жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті мақсатты топтарға тиімді түсіндіруді және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуді тапсырды. Сонымен бірге ол өңір басшыларынан халық жиі тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын өсірмеуді талап етті.

Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау мен оқыс төтенше оқиғаларды болдырмау үшін тиісті шараларды қолға алуды да тапсырды. Кеңестен кейін Мемлекет басшысы бірнеше әкіммен жеке кездесті.