Президент министрге азық-түлік бағасын негізсіз өсірмеуді тапсырды

Ақорда сайтының хабарлауынша, Бақыт Сұлтанов Мемлекет басшысына ішкі және сыртқы сауданы дамыту, экспорттаушыларды қолдау, интеграция үдерістері, ішкі нарықты контрафакт өнімнен қорғау сияқты министрлік қызметінің негізгі бағыттары бойынша атқарылған жұмыс қорытындысы туралы баяндады.

Министрдің айтуынша, баға белгілеу, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мәселелері ведомствоның ерекше назарында. Орталық және жергілікті атқарушы органдардың міндеттерін анықтайтын жол картасы жобасы әзірленді.

Жалпы министрлік жұмысына оң баға берген Қасым-Жомарт Тоқаев Бақыт Сұлтановқа ішкі нарықты отандық тауармен толтыру, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру, бағаның негізсіз өсуі мен делдалдық әрекеттерді болдырмау және қазақстандық тауар өндірушілердің өнімін тұтынушыларға жеткізуді жеңілдету жөнінде нақты тапсырмалар берді, — делінген Ақорданың хабарламасында.

Президенттің айтуынша, Еуразия экономикалық одағы аясындағы интеграция үдерістерінде одақтағы серіктестермен сындарлы іс-қимыл жүргізу арқылы мемлекеттің ұстанымын нығайту — Сауда және интеграция министрлігі алдында тұрған маңызды міндет.