Жоба авторы Алмас Төпеев бұл бағдарлама 1-3 жас аралығындағы балалар мен қазақ тілін үйренуді жаңадан бастаған адамға арналғанын айтты.
IQ Bala қолданбасы латын қарпінде жазылған. Жоба жасаушылар мемлекеттік органдар пайдаланып жүрген латын графикасын қолданғанын айтты. Әліпбидің соңғы нұсқасы бекітілгенде қолданбаның тілін 2 күнде аударып шығуға болады. Қолданба балаға қазақша дұрыс айтуды үйретеді және айтқан сөзінің не нәрсе екенін картинамен көрсетеді. Қолданбаның бас кейіпкері — барыс. Ол қолданушыға жол сілтеп, қайда басып, нені таңдау керек екенін айтады.
Алмас Төпеевтің айтуынша, қолданба балаға арналған 14-ке жуық кітапты алмастыра алады. Осылайша ата-ана баласына ақшаға кітап сатып алмай, отбасы бюджетін үнемдейді. Осы уақытқа дейін IQ Bala Android-тан 10 мың рет, iOS-тан 5 мың рет жүктеліп алынған. Қолданба қосылғанда оны 30 минуттан артық пайдалануға болмайтыны жазылған. Өйткені телефонды ұзақ ұстап отыру бүлдіршіннің денсаулығына әсер етеді.
Қолданба ашық тұрған кездің бәрінде домбыраның үні естіледі. Басты бетте сөздер, түстер тобы мен бірнеше ойын түрі шығады. Қолданбада күнделікті өмірде жиі пайдаланылатын 300-ге жуық қазақша сөз бар. Олар отбасы, дене мүшесі, жануар, планета, сандар, әліпби сияқты 15 тақырыптық топқа бөлінген. Әр топта 15-25 шамасындағы сөз бар. Одан бөлек, қолданбадан латын әліпбиін үйренуге болады. Әр әріптің, суреттің үстіне басқанда барыс оның қай әріп, суреттегі не нәрсе екенін екі рет қайталайды.
Қолданбада бала қабілетін дамытатын төрт түрлі ойын бар. Соның бірі — «Жұптарды тап» ойыны. Терезеге басқанда аң мен құстың суреттері шығады. Әр сурет шыққан сайын барыс оның атын айтады. Бірдей сурет шыққанда терезелер жойылып отырады. Барыс дұрыс тапқан қолданушыны мақтауды да ұмытпайды.
Түстер тобы да жаңа сөз жаттауға бағытталған. Ақ шарды дұрыс тапқанша барыс «қайтала» деп айтады. Дұрыс тапқан соң сол түсті қолданушыға қайталайды.
Алмас Төпеев жобаны 2018 жылдың көктемінде іске қосқан. Бір жылдан соң қолданбаны жаңартып, оған танымдық ойындарды қосты. Бірақ ол кезде тек 2D-суреттер пайдаланылып, қолданбаның сыйымдылығы тым көп болып кеткен. Ұзақ жүктеліп, телефон жадынан көбірек орын алды. Сол себепті жоба әзірлеушілер форматы үлкен емес суреттерді арнайы салдырып, қолданбаға енгізен.
IQ Bala-ны дайындарда балаларға тіл үйрететін шетел қолданбаларын қарап шықтық. Қолданбада қарапайым суреттер тұрса, баланы тез жалықтырады деп ойлап, суреттің бәрін 2D форматында салдық. Бірақ бұл формат қолданбаның сыйымдылығын көбейтіп, қолдануға тиімсіз етіп тастады. Содан соң сонша қаржыға жасатқан форматты алып тастап, орнына кәдімгі суреттерді қойдық. Есесіне 3D форматындағы жол сілтеуші барысты ойлап таптық, — дейді Алмас Төпеев.
Алмас жобаға осы уақытқа дейін өз қалтасынан 60 мың доллар қаржы жұмсаған.
Бір күні балам телефоннан орысша үйрететін қолданбаны қарап отыр екен. «Кошка», «собака» деп дауыстап, қайталап қояды. «Әй, қазақша айтсаңшы, «мысық», «ит» десем, телефонына бір, маған бір қарайды. Сол кезде қазақша үйрететін қолданба керек екенін түсініп, интернеттен іздеп шықтым. Бір-екеуін таптым, бірақ сапасы нашар, суреттері тартымды емес екен. Содан соң тілі енді шығып келе жатқан балаға қазақша үйрететін қолданба жасауды ойлап, жоспарымды біраз танысыма айттым. Әшейінде әлеуметтік желіде ұлт, қазақ тілі дейтін адамдар «Одан маған қанша пайда түседі» деп шыға келеді. Оларды қойып, ағам Әнуар екеуміз қолданба жасауға кірісіп кеттік, — деді жоба авторы.
Қолданбаға енгізуге дамытушы, көңіл көтеретін және қимыл-қозғалыс жасататын тағы үш ойын әзірленіп жатыр. Ойын бағдарламаларын IT-мамандарға жазғызуға 10 мың доллар жұмсалады.
IQ Bala туралы көп адам біліп, ол қазіргіден де көп жүктелген соң бізге жарнама берушілер хабарласады деп үміттенеміз. Олардың жарнамасы балаға қатысты болса, тіпті жақсы. Жарнамадан түскен қаржыны қолданбаны жаңартып, жаңа картина мен ойын қосуға, дизайнердің еңбекақысын төлеуге жұмсаймыз, — деді Алмас Төпеев.
IQ Bala қолданбасын төмендегі сілтемелерді басып, тегін жүктеп алуға болады.
App Store:
https://apps.apple.com/us/app/iqbala/id1355123035%25E2%2580%25A6
Play Market:
https://play.google.com/store/apps/details?id=com.QaznatProduct.IQBala