ҚР ҰҚК: Болат Бақауовқа қатысты қылмыстық іс қозғалды

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты қылмыстық іс қозғалғаны расталды. Бұл туралы ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2020 жылғы 15 қаңтарда Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовқа қатысты лауазымдық өкілетін асыра пайдалану дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 362-бабы 4-бөлімі 3-тармағы бойынша тіркелген қылмыстық іске сәйкес жедел тергеу іс-шараларын жүргізді, — делінген ҚР ҰҚК баспасөз қызметі таратқан хабарламада. 

Қазіргі уақытта тергеу амалы жалғасып жатыр.

Тергеу мүддесіне байланысты бұл кезеңде толық мәлімет жариялауға жатпайды, — деп хабарлады ҰҚК мамандары. 

Еске салайық, бұған дейін ақпарат құралдары Болат Бақауовтың ұсталғаны туралы хабар таратқан еді. Болат Бақауов Павлодар облысын 2016 жылдың наурызынан бері басқарады.