Алматы әуежайына іргелес жер учаскелері бойынша тергеу басталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы әуежайы маңындағы жер учаскелерінің заңсыз берілуіне қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Бұл туралы ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр Bek Air ұшағы апатын тексерудің алдын ала нәтижесіне арналған брифингінде айтты.

Әуежай маңына заңсыз құрылыс салу мәселесіне келсек, Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі Талғар ауданында Алматы әуежайы маңындағы жер учаскелерінің заңсыз берілуі дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр, — деді Роман Скляр.

Роман Скляр Талғар ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары әуежайдың санитариялық қорғау аймағындағы жер учаскесін заңсыз пайдалануға бергенін айтты.

2015-2019 жылдары Талғар ауданы әкімдігінің лауазымды тұлғалары қызмет өкілетін асыра пайдаланып, әуежайдың санитариялық қорғау аймағындағы жер учаскесін жеке қосалқы шаруашылық жүргізуге, соның ішінде тұрғын үй салуға беру туралы заңсыз шешім шығарғаны анықталды, — деді Премьер-министрдің орынбасары.

Еске салайық, Алматы маңындағы ұшақ апаты 27 желтоқсанда сағат 07.22-де болған еді. Bek Air әуе компаниясының Алматы әуежайынан Нұр-Сұлтанға бағыт алған Fokker 100 ұшағы көтерілу кезінде бетон қоршауды бұзып, Гүлдала мен Әлмерек елді мекендері арасындағы екі қабатты құрылысқа соғылды. Апат салдарынан 12 адам қайтыс болды.

Бортта 93 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі болған. Оқиғаның себебі анықталып жатыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Bek Air әуе компаниясының қызметі уақытша тоқтатылғанын хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев қаза болған азаматтардың отбасына 4 миллион теңге көлемінде материалдық көмек беруді, қауіпсіздік талаптарына сәйкестендіру үшін барлық әуе компаниясының жұмысы мен авиация инфрақұрылымы нысандарын тексеруді, қозғалған қылмыстық іс аясында ұшақ апаты себептерін анықтауды, кінәлілерді заңға сәйкес жауапкершілікке тартуды және Алматы әуежайының аумағына жақын орналасқан жеке құрылыстардың заңдылығын анықтауды тапсырды.

28 желтоқсан жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.