Amanat сақтандыру компаниясы Bek Air әуе компаниясының апатқа ұшыраған жолаушылары бойынша төлем жүргізеді.
«Amanat сақтандыру компаниясы» АҚ — 2019 жылдың 27 желтоқсанында Алматы облысында апатқа ұшыраған Bek Air АҚ-на тиесілі Fokker 100 ұшағының сақтандырушысы. Әуе көлігі тасымалдаушының жолаушы алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру келісімшарты бойынша сақтандырылған, — деп хабарлады сақтандыру компаниясының баспасөз қызметі.
ҚР «Тасымалдаушының жолаушылар алдындағы азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы заңы бойынша сақтандыру төлемін денсаулығына зақым келген жолаушылар және қаза болған жолаушылардың асырауындағы азаматтар алады.
Amanat сақтандыру компаниясы қайтыс болған жолаушылардың туғандары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады. Біз төлем процесін барынша жылдам және оңай жүргізу үшін қолдан келгеннің бәрін істейміз. Amanat келісімшартта көрсетілген міндеттемелерінің бәрін орындайды, — деп мәлімдеді Amanat сақтандыру компаниясының басқарма төрағасы Ерғали Бегімбетов.
Ұйым басшысының айтуынша, сақтандыру төлемі Bek Air мен зардап шеккен тұлғалар заң бойынша талап етілетін құжаттарды тапсырғаннан кейін 7 жұмыс күні ішінде аударылады.
Қазақстан Республикасы заңнамасы бойынша денсаулығына зақым келген жолаушылар емделуге кеткен шығын көлемінде 200 айлық есептік көрсеткішке дейін төлем алады. Апат салдарынан мүгедектікке ұшыраған жолаушылар болса, оларға мүгедектік тобына байланысты 2 500-5 000 айлық есептік көрсеткіш аралығында төлем рәсімделеді. Қаза тапқан жолаушылар үшін 5 000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде төлем қарастырылған, — деді Ерғали Бегімбетов.
Сақтандыру компаниясының басшысы жерлеу рәсіміне кететін шығын бойынша 100 айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі қаражат та қарастырылғанын айтты. Төлем үшін сақтандыру төлемі жүргізілген кездегі айлық есептік көрсеткіш есепке алынады.
Толық ақпаратты «7310» бірыңғай нөміріне хабарласып алуға болады.