Қазақстанда 28 желтоқсан қаралы күн деп жарияланды. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Алматы облысының Талғар ауданында жолаушылар ұшағы апатының салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2019 жылғы 28 желтоқсанда жалпыұлттық аза тұту жариялансын, — делінген Президент өкімінде.

Бұл күні елімізде Мемлекеттік Ту төмен түсіріліп, барлық ойын-сауық шарасы кейінге қалдырылады.

27 желтоқсан күні таңертең Bek Air әуе компаниясының Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған ұшағы әуелі радардан жоғалып кетті. Кейін 93 жолаушы мен экипаждың бес мүшесі мінген ұшақтың Алматы маңында апатқа ұшырағаны белгілі болды. Әуелі 15 адам қаза тапқаны хабарланды, кейін Ішкі істер министрлігі мен Алматы әкімінің баспасөз қызметі құрбандар саны 12 екенін нақтылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апаты құрбандарының туыстарына көңіл айтып, оқиғаға кінәлілер қатаң жазаланатынын хабарлады. Кейін Bek Air компаниясының апатқа ұшыраған ұшағында болған барлық жолаушының аты-жөні жария болды.

Baribar.kz редакциясы әуе апатынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады.