— 2019 жылы Қазақстанда табысы төмен отбасылардың баспаналы болуына арналған «Бақытты отбасы» атты бағдарлама іске қосылды. Оның шартында «Үміткер отбасының әр мүшесінің кейінгі 6 ай ішіндегі табысы айына бір минимал еңбекақы көлемінен (2019 жылы бұл көрсеткіш 42 500 теңге болды) аспау керек» делінген. Мұндай ақша табатын жанұя төлем қабілетін растап, несие өтей ала ма? Жалпы, осы бағдарлама туралы түсіндіре кетуіңізді сұраймыз.

— Төлей алады. Бағдарлама шарттары соған орайластырып әзірленген. Ал қатысуға өтініш берген адам жұмыссыз болса, жұбайын табыс табушы ретінде көрсете алады. Бұл да жеткіліксіз болып, төлем қабілетін растау үшін кіріс деңгейі жетпесе, қосымша 1 немесе 2 адамды қосалқы заем алушы ретінде көрсетуге болады.

Сонымен бірге үміткерлерге өз атындағы тұтынушы несиесінің бәрін мүмкіндігінше жауып тастауға кеңес берер едім. Себебі үй алу заемы туралы өтініш қарастыру және төлем қабілетін растау кезінде қатысушының атында басқа кредиттің бар-жоғы ақтық шешімге айтарлықтай әсер етеді.

Бағдарламаның өзіне келейік. «Бақытты отбасы» — көпбалалы немесе толық емес немесе мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған және баспанаға мұқтаж отбасыларға арналған жоба. Мұндай мақсаттағы бағдарлама бұрын ел тарихында болған емес.

Басты ерекшелігі ретінде «Бақытты отбасының» табысы аз адамдарға үй жағдайын жақсартудың ең қолайлы құралы бола алатынын атап өтер едім және бұл бағдарлама жұмыс істеп жүрген азаматтарға арналған. Осы жеріне айрықша мән берген жөн, себебі әлеуметтік әділдіктің бар мән-маңызы мемлекеттің жұмыс істейтін, бірақ өз бетінше баспана сатып алуға мүмкіндігі жете бермейтін отбасыларға қолдау білдіруінде жатыр.

«Бақытты отбасы» жоғарыда айтылған талаптарға сай азаматтарға жылдық үстемақысы 2% несие алуға мүмкіндік береді. Бастапқы жарна — 10%. Бұл несиеге жаңа салынған баспана да, қолданыста болған пәтер де немесе жеке жер үй де сатып алуға болады. Ең бастысы — жоғарыда аталған сипаттамаларға сай болу және жергілік әкімдікте үй кезегіне тұру.

Ал осы жылы өтініш беруге үлгермей, бағдарламаға қатыса алмай қалған отбасыларда мүмкіндік келесі жылы болады. Қазір «Бақытты отбасы» кем дегенде 2025 жылға дейін жүзеге асырылады деп жоспарланып отыр.

Сонымен бірге бізді қуантқан тағы бір жаңалық бар: 2020 жылы бұл бағдарлама арқылы 5 000 емес, 10 000 отбасы қамтылады.

— Бір мүшесінің айлық табысы минимал жалақыдан сәл жоғары (мәселен, 44 000 теңге делік) болғандықтан «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатыса алмайтын отбасыға банк қандай кеңес бере алады?

— Мұндай жағдайда «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бар. «Нұрлы жер» бойынша бастапқы жарна 20% болады, ал жылдық несие мөлшерлемесі 5%-ке тең.

«Нұрлы жер» — ұзақ уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқан сұранысқа ие жоба. Бір биылдың өзінде 8000-ға жуық отбасы осы бағдарлама бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспана алды. Ал жыл қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 9 мыңнан кем болмайды деп жоспарлап отырмыз.

Сонымен бірге алдағы жылдан бастап «Бақытты отбасы» аясында барынша көп отбасыны қамту мақсатында бағдарламаға қатысушылардың табысына қатысты талап 1 минимал еңбекақы көлемінен (42 500 теңге) 2 күнкөріс минимумына (62 366 теңге) өзгертілгенін атап өткім келеді.

— Біраз уақыт бұрын әлеуметтік желілерде азаматтардың «Бақытты отбасы» бағдарламасына толық емес отбасы ретінде қатысу үшін әдейі ажырасып жатқаны туралы деректі оқып қалдым. Банк осы мәселеге байланысты қандай да бір шара қолданып жатыр ма?

— Бағдарламаны іске қосар алдында біз мұндай жағдайлар болуы мүмкін екенін білдік, сондықтан «толық емес отбасы» санаты бойынша бағдарламаға қатысушы азаматтар банкке ажырасу куәлігін тапсыруы керек және бұл құжаттың берілгеніне кем дегенде 3 жыл болуға тиіс.

Біз мұндай шара жалған ажырасулардың алдын алады және «Бақытты отбасы» аясында шын мұқтаж, адал азаматтар баспанаға қол жеткізеді деп есептейміз.

— «Бақытты отбасы» қалай жүзеге асырылды? Бюджеттен қанша қаражат бөлінген еді?

— Біздің банк мұндай уақыт тапшылығы жағдайында бірінші рет жұмыс істеді деуге болатын шығар. «Бақытты отбасы» аясында қарастырылған 50 миллиард теңге көлеміндегі қаражат 17 шілде күні аударылды. Алайда бағдарлама іске қосылардан бар болғаны 2 апта бұрын, яғни 1 шілдеде әкімдіктер кезекте тұрған көпбалалы, толық емес және мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған отбасыларға ақпарат жіберген еді. Сондықтан бізге аз уақыт ішінде бүкіл Қазақстан бойынша тиісті жұмысты ойластырып, жүйелеп, жүзеге асыруға тура келді.

29 тамыз күні өтініш қабылдауды тоқтатуға мәжбүр болдық, себебі 6 мыңнан астам адам қатысуға өтініш білдірді, олардың жалпы сомасы 50 миллиард теңгеден асып кетті.

«Бақытты отбасыға» қатысушылардың көбі баспана сатып алуға бірінші рет жолығып отырғандықтан банктің бизнес-процестерін қайта қарастырып, оларды барынша жайлы етуге тырыстық. Себебі әдетте бізге қандай пәтер алғысы келетінін нақты білетін, оны алдын ала ойластырып қойған адамдар келеді. Банк менеджері оған тек бағдарлама таңдауға көмектесіп, кеңесін ұсынады.

Ал «Бақытты отбасы» бойынша жағдай басқаша болды: біз алдымен несие туралы өтінішті мақұлдадық, іріктеуден өткен отбасыларға «табысыңыз мынадай бағадағы үй сатып алуға жеткілікті, банктен де осындай көлемде несие аласыздар, сондықтан құны осы сомадан аспайтын баспана қарастырыңыздар» дедік. Үй іздеуге үш ай берілді. Кейін бұл мерзімді 6 айға дейін ұзарттық.

2019 жылғы жоспарымызды орындай алдық деп айта аламын. «Бақытты отбасыға» қатысушы 4 000-нан астам жанұя несие рәсімдеп, қоныс тойларын атап өтті. Бұдан бөлек 748 отбасының өтініші мақұлданды, олар қазір үй қарастырып жатыр.

Ләззат Ибрагимова
Ләззат Ибрагимова. Фото: банктің баспасөз қызметі

— Бағдарламаны жүзеге асыру кезінде қандай қиындықтар болды? Жалпы, ақпарат кеңістігіндегі, әлеуметтік желілердегі әңгімелерге қарағанда «Бақытты отбасыдан» үміт күткен және ол үміті ақталмаған азаматтар баршылық сияқты.

— Көп адам бағдарлама бойынша талап етілетін 10% бастапқы жарнаны тұрғын үй сертификаты түріндегі арнайы көмек ретінде аламыз деп ойлады. Бірақ сол кезде қолданыста болған заң бойынша тұрғын үй сертификаты жаңа үй сатып алуға ғана берілетін. Оны қолданыста болған пәтерлер үшін қолдану мүмкіндігі заңнамаға енді ғана енгізілген өзгерістерде қарастырылып отыр.

Сонымен бірге қатысушылар үшін жаңа салынған үйлер нарығындағы бағасы арзан, шағын пәтерлердің жоқтығы проблема болды. Себебі құрылыс компаниялары бір бөлмелі пәтерді көп жағдайда кемінде 60 шаршы метр етіп салады. Бұл әсіресе Алматы мен Нұр-Сұлтанда қатты байқалды. Сондықтан үміткерлерге мұның орнына екі-үш бөлмелі пәтерлер қарастырған тиімдірек болды. Бірақ эконом-кластағы шағын пәтерлер негізінен нысан салынып жатқанда сатылып кетеді.

— «Бақытты отбасы» бағдарламасында үй құны бойынша шектеулер бар емес пе? Ол не үшін қажет?

— Иә, бағдарламада белгілі лимиттер бар: аймақтарда баспана бағасы 10 миллион теңгеден, ал Алматыда, Нұр-Сұлтанда, Шымкентте, Атырауда және Ақтауда 15 миллион теңгеден аспауы керек.

Мұндай талап отбасылардың несиені қиналмай өтей алуы үшін қолданылып отыр. Себебі «Бақытты отбасыға» қатысушы азаматтардың әлеуметтік жағдайы оңай емес. Оларға ипотекамен бірге азық-түлікке, киімге, күнделікті тұрмысқа ақша керек. Бар тапқан табысын үй деп алған несиеге жұмсағаны дұрыс болмас еді.

10 немесе 15 миллион теңге — үй алуға жеткілікті сома. Мәселен, астанадан бұл ақшаға ауданы 60 шаршы метр бұрын пайдаланылған пәтер сатып алуға болады. Мұндай жағдайда отбасы айына бастапқы 8 жылда 79 мың теңгеден, кейін 11 жыл бойы 56 мың теңгеден төлеп отырады.

— «Бақытты отбасы» шарттарына келмейтін, оның шарттары бойынша несие өтей алмайтын азаматтарда баспана алудың қандай жолдары бар?

— Жылдық мөлшерлемесі 2% болатын «Бақытты отбасы» несиесін рәсімдеуге табысы жеткіліксіз болып тұрған азаматтарға жергілікті әкімдіктер арқылы жалға берілетін (арендалық) тұрғын үй бағдарламасына қатысып көруге болады. Үйді сатып алуға емес, жалға алуға мүмкіндік беретін бұл жоба атаулы көмек немесе басқадай жәрдемақы алатын, еңбек табысы жоқ отбасылар, сол сияқты кірісі өте төмен қазақстандықтар үшін жүзеге асырылып отыр. Қазір ел бойынша осындай 8 000 пәтер салынып, рәсімделді.

— Іс жүзінде баспанаға мұқтаж қазақстандықтардың қатары бұдан да көп емес пе?

— Иә, осы жылдың 1 қазанындағы ресми стаститика бойынша Қазақстанның 526 мың азаматы тұрғын үй кезегінде тұр.

Жалпы, бұл мәселені жүйелі, кешенді түрде шешкен дұрыс. Біз тұрғын үй саласындағы сарапшылармен бірлесе отырып, «тұрғын үй қолжетімділігі сатысы» деп шартты атау алған жаңа механизм әзірлеген едік. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі оған толық қолдау білдіріп отыр және қазір осы механизмді жүзеге асыру бойынша заңнамаға, «Нұрлы жер» бағдарламасына өзгеріс енгізу сияқты түрлі шара қолға алынып жатыр.

«Тұрғын үй қолжетімділігі сатысының» мәні неде? Халықтың баспана мәселесін шешу үшін азаматтарды кәсіби немесе басқадай сипаттары бойынша бөле-жара қарау дұрыс емес. Сондықтан біз ұсынып отырған бірыңғай тұрғын үй механизмі үй аламын деген азаматтың мемлекеттік қызметте істейтініне, балаларының бар-жоқтығына емес, оның табысына қарайды, яғни отбасының әр мүшесінің табыс деңгейі есепке алынады.

Мысалы, 1-2 адамнан тұратын отбасы үшін 300 мың теңге бір айға өмір сүру үшін жеткілікті болуы мүмкін. Бірақ бұл ақша бес баласы бар, жалпы алғанда жеті адамы бар отбасы жағдайында мүлдем басқаша қарастырылады.

Осының бәрін ойластыра келе біз 2020 жылғы әр отбасы мүшесінің табысын ескеретін тұрғын үй қолжетімділігі сатысын ұсынып отырмыз:

1-саты. Отбасындағы бір адамға шаққандағы табыс 1 күнкөріс минимумынан (31 183 теңге) аспайды немесе мүлдем жоқ. Бұл жағдайда баспанаға мұқтаж отбасы жоғарыда айтып кеткен жалға берілетін тұрғын үй бағдарламасына қатысып көруге болады. Ол үй сатып алуға рұқсат бермейді, бірақ пәтер жалдау үшін 1 шаршы метрге бар болғаны 100 теңге төленетіндіктен азаматтарда жеке баспана иесі атану үшін ақша жинау мүмкіндігі болады. 1-сатының мақсаты — тұрмысы нашар отбасыларға баспаналы болуға жол ашып беру.

2-саты. Отбасындағы бір адамға шаққандағы табыс 2 күнкөріс минимумынан (62 366 теңге) аспайды. Бұл жағдайда азаматтар «Бақытты отбасы» немесе «5-20-25» бағдарламаларына қатыса алады.

3-саты. Отбасындағы бір адамға шаққандағы табыс 3,1 күнкөріс минимумынан (96 667,30 теңге) аспайды. Бұл санаттағы азаматтарда «5-20-25» шарттары бойынша үй алуға мүмкіндік бар. «5-20-25» формуласы 2016 жылдың соңынан бері қолданылып келеді. Ол бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында жергілікті әкімдіктер салған үйлердің иесі атануға болады. Басты талап — Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшысы болу және шотқа үй бағасының 20%-іне тең бастапқы жарна сомасын аудару. Осы шарттар орындалса, жылдық мөлшерлемесі 5% болатын несие рәсімдеу қарастырылған.

4-саты. Отбасындағы бір адамға шаққандағы табыс 3,1 күнкөріс минимумынан (96 667,30 теңге) жоғары. Бұл жағдайда азаматтар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынып отырған бағдарламалардың кез келгеніне қатысып көре алады. Түрлі жоба бойынша бастапқы жарна 20-50% аралығында, ал несиелердің жылдық мөлшерлемесі 3,5%-тен басталып, 8,5%-ке дейін жетеді.

— Банк жүзеге асырып отырған тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің артықшылығы неде? Оның басқалар ұсынатын кәдімгі ипотекадан не айырмашылығы бар?

— Көп адам әлі күнге «үй алу үшін көп ақша табу керек немесе мемлекеттік бағдарламаларға қатысу қажет» деп ойлайды. Мен мұнымен келіспес едім. Қазақстанда бүкіл өміріңді сарп етіп, сарыла күтпей-ақ, аз табыспен де баспаналы болуға мүмкіндік беретін құрал бар. Ол үшін кезекте тұрып, мемлекетке алақан жаюдың да керегі жоқ. Әңгіме тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі туралы болып отыр. Біздің банк ұсынатын бағдарламалардың бәрінің негізінде осы жүйе жатыр.

Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесінің басты артықшылығы — жылдық мөлшерлемесі 3,5-5% аралығындағы несие. Оны алу үшін біздің банктен депозит ашып, ақша жинай беру жеткілікті.

Бұл жүйе шотыңа ай сайын мынанша ақша салып отыр деп шектемейді. Отбасы жағдайыңа, алатын үйіңе байланысты қандай сома аударып отыратыныңды өзің шешесің.

Жаңағы айтқан арзан несиені алу үшін үш негізгі талапты орындау керек:

  • Депозитке үй бағасының 50%-ін жинау.
  • Кемінде 3 жыл жинау. Одан ұзақ уақыт ақша салып тұрса да болады, бәрі салымшының мүмкіндігіне байланысты.
  • Талап етілетін ең төменгі бағалау көрсеткішіне қол жеткізу. Ол 16-ға тең. Бағалау көрсеткіші деген не? Ол — салымшының қаржы тәртібі көрсеткіші. Банк ұсынған соманы ай сайын депозитке аударып отырсаңыз, 3 жылдан кейін бағалау көрсеткішіңіз осы 16-ға жетеді.

Осы үш шарт орындалса, үй алуға жетпей тұрған ақшаның қалған 50%-тін 5%-пен несие түрінде ала аласыз.

Несие үстемақысы бұдан да төмен болуы мүмкін. Ол үшін үш жылдан артық жинау керек. Мысалы, шотқа 4 жыл бойы үзбей ақша салып отырған адамның несиесі 4,8%-пен беріледі. Ал 5 жыл жинаған салымшының несие мөлшерлемесі 4,5%-ке тең.

Сонымен бірге Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына жыл сайын мемлекеттік сыйлықақы берілетінін айта кету керек. Ол депозитке бір жыл ішінде аударған ақшаңыздың 20%-іне тең. Мысалы, осы жылы шотқа 200 000 теңге салсаңыз, келесі жылдың бірінші тоқсанында жинаған қаражатыңызға 40 000 теңге сыйлықақы қосылады.

Дегенмен мемлекеттік сыйлықақының жоғарғы шегі бар. Ол — 200 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейінгі жинақ ақшасына беріледі. 2019 жылы 200 АЕК 505 000 теңге болды, яғни сіз жыл соңына дейін 505 000 теңге салсаңыз, осы соманың 20%-і болатын 101 000 теңге көлеміндегі ең жоғарғы сыйлықақы ала аласыз. Одан көп жинасаңыз, 505 мыңның үстіндегі қаражатқа мемлекеттік сыйлықақы бір жылдан кейін беріледі.

— Мұндай мүмкіндігі көп жүйені халық неге жаппай қолданбайды? Түсінбей жата ма, әлде біле бермей ме?

— Аз ба, көп пе, өзіңіз бағамдарсыз: қазір 1,5 миллион адам біздің банктен депозит ашып, үй аламын деп ақша жинап жатыр, яғни елдің әрбір он екінші азаматында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі шоты бар және бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді.

Бұл жүйені қолданудағы басты кедергі — қоғамда ақша жинау мәдениетінің төмендігі. Біз жинағанды емес, жұмсағанды жақсы көреміз. Бірақ бұл жағдай өзгеріп келеді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі да бұған үлесін қосып жатыр. Біз арқылы қаражаттың басын құрап, үй алған адамды көрген оның таныс-туыстары, әріптестері банкке келіп, депозит ашады. Себебі біраз уақыт табанды болып, ақша жинаған жанның мақсатына жететініне көзі жетеді.

Осы уақытқа дейін Қазақстанның 220 мың азаматы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы баспаналы болды. Олардың көбі үй иесі атану арқылы болашаққа, мемлекетке деген сенімге қол жеткізді.

«Отан отбасыдан басталады» демейміз бе? Ал отбасы дегеніміз — ортақ шаңырақтың астында бас қосып, бір дастарханға отыратын, өз үйінде болашағын жоспарлап, бала тәрбиелейтін адамдар. Ұйықтап кету үшін ғана келетін жалдамалы пәтерде Отанның арқасүйері болу қиын-ақ.