“Бақытты отбасы” бағдарламасына қатысу шарттары қандай?

Бақытты отбасы
Иллюстрация: Dribbble.com ©DarkCube Studio

2019 жылы тұрғын үй алуға жеңілдік мөлшерлемесі 2% және бастапқы жарнасы 10% болатын “Бақытты отбасы” бағдарламасы іске қосылды. Жыл соңына дейін кемінде 6000 отбасы осы бағдарлама аясында тұрғын үй ала алады. 2020 жылдан бастап 10 мың отбасы жыл сайын баспанамен қамтылады.

1. "Бақытты отбасы" бағдарламасына кімдер қатыса алады?

Бағдарлама әкімдікте баспанаға мұқтаж тұлға ретінде кезекте тұрған көпбалалы, толық емес және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға несие беруге арналған.

Қазіргі уақытта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 4 650 өтінімді қабылдады. Оның ішінде 1165 өтінім мақұлданып, 3250 несие берілді. Жылдық бюджет - 50 миллиард теңге, берілген несиелердің жалпы сомасы - 33 миллиард теңге.

2. "Бақытты отбасы" бағдарламасымен қандай үй алуға болады?

Бағдарлама бойынша:

  • жаңа салынған үйден пәтер;
  • қолданыста болған пәтер;
  • жеке тұрғын үй алуға болады.

Отбасы тұрғын үйді өзі кезекте тұрған аймақтан ғана сатып ала алады.

Нұр-Сұлтаннан, Алматыдан, Шымкенттен, Ақтаудан, Атыраудан тұрғын үй сатып алуға заемның ең жоғарғы сомасы 15 миллион теңгеден аспайды. Басқа өңірлерде 10 миллион теңгеден аспауға тиіс.

3. Несие қандай шарт бойынша беріледі?

Несиенің жылдық мөлшерлемесі - 2%, бастапқы жарна сатып алынатын тұрғын үй құнының кемінде 10%-і болады. Заем 20 жылға дейін беріледі.

Үміткердің және онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің атында тұрған үй болмауы керек.

Толық емес отбасылар некені бұзу сәтінен 3 жыл өткенде ғана бағдарламаға қатыса алады.

Бағдарламаға қатысушылардың төлем қабілеті расталуы қажет. Отбасының еңбек және кәсіпкерлік қызметтен жиынтық табысы болуға тиіс.

4. Табыс қандай болуы керек?

Табыс отбасының әр мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі есе шамасынан (59,4 мың теңге) артық болмаса, "Бақытты отбасы" бағдарламасымен үй алуға болады.

Егер табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінің  3,1 есе шамасына дейін (92 мың теңге) болса, кезекте тұрғандар жергілікті атқарушы органдар беретін тұрғын үйлерді ала алады. Бұдан жоғары болса, азаматтардың "Орда", "Баспана Хит", "7-20-25", "Өз үйім" бағдарламаларына қатысу мүмкіндігі бар.

5. Кіріс ретінде не есептеледі?

Отбасының негізгі кіріс көзі болған жағдайда ғана несие беріледі. Негізгі кіріске еңбек немесе кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс жатады. Олар:

  • айлық жалақы;
  • өтеулі қызмет көрсету шарты бойынша түсетін табыс;
  • жеке кәсіпкерліктен түсетін кіріс (нотариус, адвокат, жеке сот орындаушылары және тағы басқалары);
  • тұрғын үй төлемдері;
  • стипендия (негізгі кіріс болған жағдайда).

Негізгі кіріс жеткіліксіз болса, қосымша табысты қосып есептеуге болады. Қосымша табыс:

  • зейнетақы және зейнетақы аударымдары (негізгі кіріс болған жағдайда);
  • экологиялық төлемдер болады. Өзге жәрдемақылар кіріс ретінде есептелмейді.