Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен балаға не себепті депозит ашу керек?

Ғани, ақша, бала
Иллюстрация: Baribar.kz

Бала дүниеге келісімен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде жеке депозит ашуға болады. Банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимованың мәліметінше, қазірге дейін банк салымшыларының 11%-ке жуығы балаларына арнап қаржы жинай бастады. Депозитті қалай ашуға болады? Оның қандай пайдасы бар? Мектеп бітірген балаға баспана алып берудің тиімді жолы қайсы?

1. Депозит қалай ашылады?

Депозитті кез келген уақытта және ыңғайлы жерде, тіпті, перзентханада ашуға болады. Ол үшін тек банк кеңесшісін шақыру керек. Баланың заңды өкілі (қамқоршысы) банк бөлімшесінде ғана аша алады.

2. Кәмелет жасына толмаған баланың атынан депозитті кім аша алады?

14 жасқа дейінгі баланың атына депозитті тек ересек адам аша алады. Ол ата-ана немесе басқа заңды өкілі болуы мүмкін (мысалы, қамқоршы).

Бала 14 жасқа толғаннан кейін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен депозитті өзі аша алады, бірақ ата-анасының келісімі қажет.

3. Қандай құжат қажет?

Депозит ашуға баланың туу туралы куәлігі мен ата-анасының немесе заңды өкілінің жеке куәлігі қажет.

14 жасқа толған балаға туу туралы куәлігі мен ата-анасының немесе заңды өкілінің жазбаша рұқсаты жеткілікті.

4. Бала депозитінің қандай пайдасы бар?

Банк бала депозитінде бір жыл ішінде жиналған соманың 2%-іне тең сыйақы берсе, мемлекет 20%-іне тең сыйақы аударады.

Банк сыйақысы 200 айлық есептік көрсеткіштен (505 мың теңге) аспайтын жинақ сомасына беріледі.

Бала депозиті "Отбасылық пакеттің" бір бөлігі бола алады, яғни отбасы жинағының табысын арттырады.

Бала депозитінің жинақ мерзімі 3 жылға жетсе және келісімшарт сомасының жартысы жиналып, бағалау көрсеткіші деңгейіне сай келсе, 5% немесе одан төмен мөлшерлемемен несие алуға болады. Ол үшін бала кәмелет жасына толуы керек.

Мысалы, депозитті бала бастауыш сыныпқа барғанда ашып, ай сайын 20 мың теңгеден салынса, ол мектеп бітіргенде баспаналы болады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің ресми сайтындағы мысал бойынша депозитке ай сайын 20 мың теңгеден салғанда 12 жылда 2 миллион 880 мың теңге жиналады. Осы аралықта банк 440 мың, ал мемлекет 665 мың теңге сыйақы береді. Сонда депозитте 3 985 326 теңге жиналады. Сол арқылы 3,5-5%  аралығындағы жылдық мөлшерлемемен несие беріледі. Егер жылдық мөлшерлеме 3,5% болса, несие бойынша ай сайынғы төлем 1 500 теңге болады.

5. Депозитке қатысты операцияларды кім орындай алады?

Бала 14-ке толмаса, тұрғын үй құрылыс жинағы туралы келісімшартты бұзу, депозитті біріктіру және бөлу, табыстау және бір бөлігін шешіп алу сияқты барлық операция тек ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен жүзеге асады.

Бала 14-16 жас аралығында болса, барлық операция оның жазбаша келісімімен ғана орындалады.

6. Депозитті кімнің атына аударуға болады, кімге болмайды?

Бала 18-ге толмаса, ол депозитті туған аға-әпкелеріне, олардың 18-ге толған балаларына, кәмелет жасына толған немерелес аға-әпкелеріне немесе немерелес ата-әжелерінің атына аудара болады.

ҚР Неке және отбасы туралы кодексінің 128-бабына сәйкес, 18-ге толмаған баланың депозитін оның заңды өкілінің, қамқоршысының, олардың жұбайы мен баланың жақын туыстарының атына тікелей аударуға болмайды.

Бала депозитін басқа адамның атына аудару тек банк бөлімшелерінде ғана жүргізіледі.

7. Депозит ашу үшін алғашқы жарна қанша болуы керек?

Шотты ашу тегін, әрі Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде несие қарастыру мен рәсімдеу комиссиясыз атқарылады. Бала депозиті ең аз дегенде шотқа 7500 теңге салынғаннан кейін іске қосылады.