IT-жоба жасаушылардың Baiterek Hackathon форумына программалау процесі десе, ішкен асын жерге қоятын нағыз мықтылар жиналды. Ілияс Ахметов 19-да. Алматыдағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебін бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсуден бас тартып, программалау тілін өз бетімен терең меңгеруді ұйғарған. Мұны өзінің жеке, саналы әрі табанды шешімі деп есептейді. Досы Есентай екеуі хакатондарға алтыншы рет қатысып отыр және бірнеше рет жеңіске жеткен. Сол себепті тандем-командаларына «Пожилые» деген атау берген.

Хакатон жарнамасын Instagram-нан көріп, тиммейтіме (геймерлер тілінде «командалас серік» — ред.) көрсеттім, кейін екеуіміз тіркелдік. Мен бұл салада 1,5 жылдан бері жүрмін. Мектепті бітіргеннен кейін былтыр қараша айында Chocofamily компаниясының «Рақмет» жобасында тәжірибеден өттім, мені жұмысқа қабылдады. Бір жыл жоба жасаушы болып жұмыс істедім. Осы жылдың қазан айында жеке жобалармен айналысу үшін жұмыстан шықтым. Міне, осылай хакатонға келдім. Өзімізге көңілді атауды аяқасты ойлап таптық. Бірақ расында да досым екеуіміз бұл салада тәжірибесі мен дайындығы көп адамбыз, — деді Ілияс.

Хакатонға қатысуға о баста программисі, қаржыгері, дизайнері, технигі бар, технологиялармен, инновациямен әуестенетін барлығы 500-ден астам жастан өтініш түскен. Байқауға оның 250-і іріктелді. Олардан 58 команда жасақталды. Бірақ аралық іріктеуден соң хакатон тапсырмасын орындауға 24 команда мүмкіндік алды. Бір командада екіден бесеуге дейін адам болды. Арасында хакатонға алдын ала топ болып келгендер де, сол жерде танысып, біріккендер де бар.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі оларға 48 сағат ішінде мынадай төрт тапсырманы орындауды ұсынды:

  1. Банк депозиттеріндегі жинақ салымдарын бұрынғыдан да тиімді бақылауға көмектесетін программа жасау. Бұл инновациялық шешім банктің қазіргі және болашақ клиенттерін белсенді салымшы болуға ынталандыруы қажет;
  2. Банктен клиентке ақпарат беруді оңайлататын шешім жасау. Ол банк процестерін түсінікті етіп, клиентті банк өнімдеріне қызықтыра түсуі керек;
  3. Банкте кезекте тұрған клиентті шаршатпайтын, дәл осы уақытта оған пайдалы ермек болатын концепт жасау;
  4. Банк процестерін ашық қылып, банк бөлімшелері мен департаменттері арасында кросс-ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін қолданба жасау. Бұл жерде клиенттің тәжірибесі мен оның ниетіне басымдық берілуі керек.

Банк жүлдеге 2 миллион теңге тікті: 1-орынға 1 миллион теңге, 2-орынға 600 мың теңге, 3-орынға 400 мың теңге.

Хакатон
Фото: Facebook.com/nureke.aksha

Хакатонға қатысушыларға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің түрлі департаментінің кеңесшілері мен арнайы шақырылған менторлар көмектесті. Менторлардың қатарында Сингапурдың Xfers компаниясының басшысы Тяньяо Лью, Сингапурдың TranSwap трансшекаралық төлем платформасының негізін қалаушылардың бірі Бенджамин Вонг, ҚР Тұңғыш Президенті қоры жанындағы ІТ-кеңестің басшысы Рашид Дүйсембаев және «Учет.kz» компаниясының негізін қалаушы Максим Барышев бар.

Гиктер SmArt.Point коворкинг орталығында Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұйымдастырған кеңістіктен 2 тәулік бойы шықпады. Берілген тапсырма мейлінше түсінікті болғанымен олардан оңай нәрсе талап етілген жоқ, IT-мамандар ақпарат технологиялары мен қазіргі заманғы қаржы процестерінің тоғысатын тұсынан бизнес-корпорация клиенттеріне тиімді болатын жаңа сервистер мен өнімдер ойлап табуы керек болды. IT-индустрия мен бизнестің ақпарат технологияларымен байланысты салаларының өкілдерінен құралған қазылар алқасы жоба жасаушылардың ерекше идеясына, өнімдерінің бірегей макеті мен интерфейсіне, олардың жобаны қалай іске асыратынын түсіндіре алуына, банк өндірісінің проблемасын шеше алатынын дәлелдей білуіне мән берді.

Ақыры мәреге 12 команда жетті. Қазылар идеядан жұмыс істейтін прототипке айналған үздік төрт жұмысты анықтады.

Хакатон
Фото: Baiterek.gov.kz

Бірінші орынды банк берген үшінші тапсырма бойынша клиенттің жеке куәлігінен банктің автоматтандырылған жүйесіне бірден дерек жолдауға және клиент кескінінің оның банктің мәлімет базасына енгізілген фотосуретімен сәйкестігін тексеруге мүмкіндік беретін программа жасап шығарған «Пожилые» командасы — Ілияс Ахметов пен Есентай Құрманбай иеленді.

Бұл команданың жобасы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі кеңесшілерінің жұмысын жеңілдетеді, ол программа бойынша клиенттің жеке куәлігін сканерлеп, құжаттағы бар мәліметті лезде толтыруға болады, бұдан қызмет көрсету уақыты азаяды, мәлімет толтыру кезінде еш қате кетпейді, сонымен бірге банк қызметкерлерінің жалған мәлімет енгізуіне де жол берілмейді.

Ең бастысы — біз проблеманы жете түсінуіміз керек болды. Банктің ішкі жүйесіндегі проблемаларға үңіліп, оны бүге-шігесіне дейін ұққан соң жаңа сервистің программасын жасау қиын болмады. Банк клиентінің жеке бас мәліметін тексеру мен оған жылдам әрі адал қызмет көрсетуге қатысты кілтипандарды менторлармен бірге талқыладық. Жасалған нұсқаны менторларға көрсеткен сайын олар тағы қандай нәрсеге көңіл аудару керек екенін айтып отырды. Ақыры біз сол жерде әбден жаңа өнім ойлап таптық, — деді Ілияс Ахметов.

Есентай Құрманбай мен Ілияс Ахметов, "Пожилые"
Есентай Құрманбай мен Ілияс Ахметов, «Пожилые». Фото: Ілияс Ахметов

«Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова 1 миллион теңгеге ие болған команданың өніміне бағасын берді.

Бұл команда бізді қатты ойлантатын бизнес-тапсырманы — клиенттің жеке бас мәліметін сәйкестендіруді оңайлатуды өздері жасаған программамен шешті. Бұл тапсырманы Павлодардан келген бір команда да орындаған еді, біз жүлдені бұл екеуінің қайсына берсек екен деп дауластық, бірақ «Пожилые» командасының мәселеге тереңірек бара білгенін көрдік. Олар программаны жазып бітіріп қана қоймай, тірі адамның фотосуретін жаны жоқ нәрсемен салыстыра алу міндетін алдымызға қойды, бұл — бизнес-міндет ретінде банкті қатты алаңдататын мәселе, яғни бұл команда банк сарапшыларының көмегімен банк ішіндегі, әсіресе клиенттің жеке басын сәйкестендіруді тексерудегі ішкі бақылау жүйесі деңгейінде кездесетін проблемалар мен кінәраттарға терең бойлай білген. Команда дайын өнімін банкке ұсынып, бірге жұмыс істеуге келісімшартқа отыра алады, — деді Ләззат Ибрагимова.

Хакатонның екінші жүлдесі — 600 мың теңгені GoCode командасы иеленді. Алина Ачилова, Арыстан Қалымов, Дамир Қайыржанов және Альфия Малакшинова төрттігі клиент банк бөлімшесіне келіп кезекке тұра бергенде-ақ оның мәліметін жинауға, өңдеуге және сол арқылы басқару шешімдерін жеделдетуге көмектесетін жоба жасап шығарған.

Үшінші орынға екі команда лайық деп танылды: «Чайный пакетик» (Ерсұлтан Надырбағамбетов, Жасұлан Оразбаев, Еркебұлан Мұхамедқали, Ерсұлтан Есдәулет) және Muse (Айнұр Мақыметова, Сандуғаш Сүмбембаева, Аружан Елемес). Екеуі 400 мың теңгені бөліп алады.

«Чайный пакетик» жігіттері банктің әр салымшысын жаңа клиенттер үшін кеңесшіге айналдыру инструментін ұсынды. Бұл схема бойынша салымшыдан қарыз алушыға дейінгі жолды бастан өткерген клиент брендтің амбассадоры болып, жүйеге басқа адамдарды: туыстарын, таныстарын, курстастарын, әріптестерін әкеліп, сол үшін ақы алады. Ләззат Ибрагимованың айтуынша, бұл реферал клиенттер теориясы деп аталады және ол қазіргі кезде сервис және қаржы компаниялары арасында танымал бола бастады.

4-курс студенттерінен тұратын Muse триосы хакатондағы 2 тәулікте банк ішінде бар деректер ауқымы негізінде клиенттерді сегменттеу мен олардың мәліметін өңдеудің тың әдісін жасап шықты. Қазылар алқасы олардың дерек өңдеу ісіне жете талдау жасағанына, мәліметке талдау жасауға мұршасы бола бермейтін кеңсе қызметкерлерінің жұмысын өзгертуге деген талпынысына жоғары баға берді.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі хакатонның мәресіне жеткен барлық 12 командамен меморандумға қол қоятынын мәлімдеді. Өйткені IT-жобалардың қай-қайсы да банк жүйесіне аса қажет. Бизнеске бейімделген жас инноваторлар идеяларын көзге көрінетін нақты жобаның тұжырымдамасына айналдырғанша 3-4 ай жұмыс істейді.

Бұл командалар біздің банкте бар проблемаларды жете түсініп алғандықтан келешекте олар Тұрғын үй құрылыс жинақ банкімен, яғни квазимемлекеттік құрылыммен арада қызмет көрсету жөніндегі келісімшартқа отырады. Бұл жерде коллаборацияны, бірнеше команданың белгілі бір бизнес-міндетті шешу үшін бірігуін құптаймыз. Олар келешекте бізбен жасаған келісімшартын алып, басқа компанияларға жұмысқа бара алады. Мұны Қазақстан нарығының инновациялық бизнес-бөлшегі болу үшін күрес деп айтар едім және ол күрес үшін тайталасуға әбден болады, — деді Ләззат Ибрагимова.

Ләззат Ибрагимова
Ләззат Ибрагимова. Фото: «Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ баспасөз қызметі

«Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрағасының айтуынша, хакатонның артықшылығы да, жауапкершілігі де бар.

Артықшылығы — біз бизнесті кәсіби бағдар ретінде таңдаған белсенді жастарды банк өнімдеріне қызықтыра отырып, оларды бренд-амбассадорымызға айналдырамыз. Жауапкершілігі — хакатонның өзінен гөрі одан кейінгі міндеттердің көбейетіні. Әр хакатонның жетістігін бизнес-қоғамдастық бағалайды, сол себепті онда жасалған жобалардың орта жолда өліп қалмай, материя түрінде, клиентке пайдалы қандай да бір түпкі өнім немесе келісімшарт түрінде іске асып кетуі — абырой, — деді Ләззат Ибрагимова.

Айта кету керек, Baiterek Hackathon-ды «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингімен және холдингтегі «туысы» — QazTech Ventures акционерлік қоғамымен бірге ұйымдастырды. Бұл хакатоннан оған қатысушылар да, банктің 1,5 миллион клиенті де ұтады. Себебі FinTech бойынша жасалған инновация мен технология банктің бизнес процестерін автоматтандырып қана қоймай, клиенттерге көрсетілетін қызмет сапасын да арттырады.

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі алдағы 3 жылда жоғары технологияға, сапалы сервиске негізделген әлеуметтік маңызды қаржы институтына айналуды мақсат етіп отыр. 2023 жылы клиенттерге қызмет көрсету операцияларының 70%-і online режимде болады. Қазір банк кез келген азамат пайдала алатын өнімдерінің арқасында ұзақмерзімді депозит пен кредит нарығында көш бастап келеді. Биыл азаматтарға Қазақстандағы ипотеканың 61%-тен астамын Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі берді, сөйтіп банк клиенттері 45 мың, яғни 3 жыл бұрынғыдан 3 есе көп баспанаға ие болды.