Банктің PR-қызметінің хабарлауынша, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі клиенттеріне арналған қызық шара «Алау» мұзайдында өтті. Оған депозиттерін белсенді түрде толтырып жүрген салымшылар қатысты. Мұзайдында олар үшін концерт-шоу бағдарлама ұйымдастырылып, елімізге танымал хоккейшілер конькимен сырғанаудан мастер-класс өткізді.

«Қазақстанның Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ орталық филиалының директоры Жансұлтан Матаев салымшыларға арналған іс-шара тұрғын үй құрылыс жүйесі мен салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылғанын айтты.

Адамдар тұтыну мәдениетінен жинақтау мәдениетіне ауысуы үшін және олардың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы қолжетімді бағамен үй алуы үшін бүгінгі шараны әдейі ұйымдастырып отырмыз. Биыл банкте шамамен 50 мыңдай жаңа депозит ашылды, ал 9 мың отбасы баспаналы болды. 2019 жылдың аяқталуына да аз уақыт қалды. Осы орайда мемлекеттік сыйлықақы жайында айта кеткен жөн деп есептеймін. Оны алу үшін осы жылдың 31 желтоқсанына дейін депозитте 505 мың теңгеге дейінгі соманы жинап үлгеру қажет. Сол кезде мемлекеттен 101 мың теңге көлеміндегі сыйлықақыны алу мүмкіндігіне ие боласыз, — деді филиал басшысы.

Мерекелік шараға 500-ден астам адам қатысты. Мұзайдынға салымшылар отбасы мүшелерін ерте келген. Банк өкілдері отбасы құндылықтары банк саясатындағы басты дүние деп есептейді. Бір отбасы мүшелерінің түгелдей осы банктен депозит ашқан жағдайлары көп кездеседі. Осылайша тезірек баспана салып алғысы келген туысқан адамдар депозиттерін біріктіреді.

"Алау" мұзайдыны
Фото: ҚТҚЖБ PR-қызметі

Мысалы, студент Мұхамедәли Рахым мен оның анасы Ақыл Мишанбаева 2017 жылы банктен бірге депозит ашқан және оларды жақын арада біріктіруді жоспарлап отыр. Бүгінде олардың жинаған салымы жаңа үйден сатып алынатын пәтер құнының 50%-іне тең болып отыр. Ақыл Мишанбаеваның айтуынша, олар Нұр-Сұлтанға Түркістан облысынан көшіп келген. Сөйтіп бірден банктен депозит ашып, ай сайын қаржы жинап отырған.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі — қолжетімді  шарттармен үй алуға тамаша мүмкіндік беретін қолайлы банк. Былайша айтқанда, ол — Қазақстандағы нөмірі бірінші банк деуге болады. Біз «отбасылық пакетті» пайдаланып, бірден екі шот аштық. Сөйтіп ай сайын ақша жинадық. Енді, міне, жақын арада қоныс тойын атап өтуді жоспарлап отырмыз, — дейді ол.

ҚТҚЖБ мұзайдын
Фото: ҚТҚЖБ PR-қызметі

Ал Айгүл Омарова жолдасымен бірге 2 ай бұрын ғана депозит ашқан. Сөйтсе де, олар 3 жыл ішінде пәтер немесе жер теліміне қажет соманың жартысын жинап, қалған қаражатты банктен жылдық 5% мөлшерлемемен несиеге алуды жоспарлап жүр.

Бұрын ақшамыз басқа банктегі депозитте жатқан еді, бірақ есептей келе оны ол жақтан шешіп алып, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне салуды жөн көрдік. Өзім  Таразданмын, жолдасым Ақтөбеден, ол жекеменшік компанияда жұмыс істейді. Елордада 9 жылдан бері тұрамыз. Жаңадан алатын үйімізге шағын отбасымызбен көшіп барамыз деп жоспарлап отырмыз, — дейді Айгүл.

ҚТҚЖБ мұзайдын
Фото: ҚТҚЖБ PR-қызметі

Марал Өтешова  жолдасы екеуі 2 жылдан бері Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде болашақ үйі үшін қаражат жинақтап келеді. Олар бір жылдан кейін несиеге баспана алуды көздеп отыр. Әзірше нарықтағы тұрғын үй бағасын зерттеп жүр.

Уақыт тез өтеді, сондықтан қазірден бастап қаражатты тиімді пайдалана білген жөн. Сонда барып үй алу, оны кеңейту сияқты болашаққа үлкен жоспар құруға болады, — дейді ол.

ҚТҚЖБ мұзайдын
Фото: ҚТҚЖБ PR-қызметі

Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі Орталық филиалы директорының айтуынша, бүгінде тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі бойынша Қазақстандағы 1,5 миллион отбасы депозитте қаражат жинап жатыр. Оның 203 мыңы — Нұр-Сұлтан тұрғындары.