Ең үздік отбасылық дәрігер мен оның командасы анықталды

Жеңімпаз дауыс беру арқылы анықталды. Оған 248 мың адам қатысты.

Барлық жеңімпазды құттықтағым келеді. Сіздердің еңбектеріңізге баға жетпейді. Біз әрдайым МӘМС туралы айтқанда бастапқы медицина-санитар көмектің рөлін атап кетеміз. Сіздердің арқаларыңызда халық пен медицина арасында байланыс орнайды. Осы байқаудың демеушісі болған «ЦентрКредит» банкіне ерекше ілтипатымды білдіремін, — деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұлов.

Байқаудың бас жүлдесіне Семейдегі №12 бастапқы медицина-санитар көмек көрсету орталығының қызметкері Сайра Айтхожина ие болды. «ЦентрКредит» банкінің басқарма төрағасының орынбасар Тимур Ішмұратов жеңімпаздың командасына 5 миллион теңгенің чегін табыстады.

Нұр-Сұлтандағы №13 емхана қызметкері Нұршат Садырбекова отбасылық денсаулық орталығы мен қалалық емхана дәрігерлері арасында үздік атанды. Оның командасына 3 миллион теңге табысталды.

байқау
Фото: МӘМС баспасөз қызметі

Ал ауылдық дәрігерлер арасынан Қостанай облысы Жангелді аудандық орталық ауруханасының қызметкері Нұржамал Бимағанбетова жеңімпаз атанды. Оның да командасына 3 миллион теңге берілді.

«Әлеуметтік медициналық сақтандыруды түсіндіру бойынша үздік отбасылық денсаулық орталығы/емхана» аталымында Түркістан қалалық емханасы жеңімпаз атанды. Бас дәрігер Жанар Оспановаға 2,5 миллион теңгенің чегі берілді.

байқау
Фото: МӘМС баспасөз қызметі

Қазақстанда бірінші рет үздік отбасылық дәрігерлер мен олардың командасы дауыс беру арқылы таңдалды. Жеңімпаздар ісін жақсы көретін жандар. Олар халықтың дені сау болғанын және салауатты өмір салтын қалыптастырғанын қалайды. Отбасылық дәрігерлер науқастың медицина туралы сауатын жақсартады. Біз қазір МӘМС бойынша жұмыстың жаңа форматына көшіп жатырмыз. Қате де, мәселе де болуы мүмкін бірақ онсыз реформа да болмайды.  Ал БМСК – бұл бәрінің түп негізі, қоғамдық денсаулық сақтаудағы ең қиын сала, – деді медицина ғылымдарының докторы, Primary health care ассоциациясының басқарма төрағасы Роза Абзалова.

Primary health care ассоциациясының президенті, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент мүшесі Төлебай Рахыпбековтің айтуынша, Қазақстандағы отбасылық медицинаның қалыптасқанына желтоқсанда 25 жыл толды.

Айта кетейік, 2020 жылдың 1 қаңтарында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылады.