Респонденттеріміз:

  • Жаңа жыл сіз үшін қандай мереке? Бұл күнді қалай қарсы аласыз?
  • 2019 жылы несімен есте қалды? 2020 жылдан не күтесіз?
  • Тышқан жылы туған достарыңыздың, таныстарыңыздың мінезі қандай? Олардың сізге ұқсайтын тұсы бар ма?

деген сұрақтарға жауап берді.

Тұңғышбай Жаманқұлов, актер, режиссер, театр педагогы, Қазақстанның халық артисі, 1948 жылы туған:

Тұңғышбай Жаманқұлов
Тұңғышбай Жаманқұлов. Фото: Halyksozi.kz
  • Жаңа жыл мен үшін бөркімді аспанға лақтырып, қуанатын мереке емес. Қазақ үшін Жаңа жыл — Наурыз. Дүниежүзі тойлайтын бұл Жаңа жыл — күнтізбенің жаңарып, есеп-қисаптың қайта басталуы. Үйде кішкентай балалар бар. Солар үшін бұл мерекені тойлаймыз. Өзім Жаңа жылды Наурызда қарсы аламын. Бірақ үлкен мереке етіп тойлаймын деп айта алмаймын. Сүріп жатқан өміріме шүкір айтып, сабырмен қарсы аламын.
  • 2019 жылы мен үшін ауыр жыл болды. Анам 90 жасында өмірден өтті. Өзім 70-тен ассам да, ананың орны бәрібір бөлек екен. Іздеп тұрасың. Күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, көп кездесе алмағаныма өкіндім. Өткенге салауат. Сонымен бірге бұл жыл 2017 жылы басыма түскен ауыр жағдайдың жазылуы ретінде есте қалды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездестім. Бұл жай кездесу болған жоқ, маған үлкен үміт сыйлаған кездесу болды. Ал 2020 — мен үшін алтыншы мүшел жылы. Сол себепті тек жақсылық күтемін. 2020 жылы Мұхтар Әуезов атындағы қазақ драма театрында жұмыс істеп келе жатқаныма 50 жыл толады. Театрға жастық шағымды, барлық күш-қайратымды, білімімді арнадым. Біраз жыл басшы болдым. Театрдың жыртығын жамауға, шығармашылық деңгейін көтеруге тырыстым. Еңбегімді қадірлейтін жұрт мұны біледі. Бұл да мен үшін — айтулы дата.
  • 1948 жылы туған құрдастарымның біразы өмірден өтті. Олардың мінез-құлқы менікіне ұқсайды. Өзім кез келген нәрсеге сене бермейтін, өмірге ақиқат көзқараспен қарайтын адаммын. Жас кезде аңғалдау болдық, өмірге ертегідей, таза көңілмен қарадық. Алдау, арбау, сатып кету деген нәрселердің барын білмедік. Кейін заман қатайған соң, басқа таяқ боп тиген соң ес жидық. Үлкенді құрметтеп, кішіге ізетті болдық. Болашаққа үлкен үмітпен қарап, армандадық. Құрдастарымның көбі жаңа өмірге бірден үйрене алмады. Сауда-саттыққа, кейінгі нарық заманына бейімделе алмадық. Жақында зейнетке шыққан шенеунік бізге «аутсайдерсіңдер, көштің соңында қалып қойғансыңдар» деп әзілдеп еді. Бірақ қазіргі жастар да оқу бітірген соң бірден жұмыс істеп кете алмай жүр. Солар үшін көбірек уайымдаймын. Сол себепті жастардың бағы жансын деп тілеймін.

Лейло Бекназар-Ханинга, актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 1960 жылы туған:

Лейло Бекназар-Ханинга
Лейло Бекназар-Ханинга. Фото жеке архивінен
  • Жаңа жылды отбасыммен қарсы алғанды ұнатамын. Туыстарымның көбі Алматыда тұрады. Нұр-Сұлтанда қызым, күйеу балам, бірнеше бауырым бар. 20 жылдан бері Жаңа жылды біздің үйде қарсы алу дәстүрге айналды. Биыл да солай бас қосуды жоспарлап отырмыз. Жаңа жылды да, өзіміздің Наурыз мерекесін де тойлаймыз. Себебі отбасы болып жиналатын қуаныш көп болғаны жақсы ғой. Қазір «жұмыс» деп жүріп, жиі бас қоспайтын болдық. Бұл күні тек смартфонмен сөйлесіп жүрген туған-туыс, бауырларыңды көресің. Әңгімелесесің. Сыйлық аласың, өзің де біреуге бірнәрсе сыйлайсың. Сол себепті бұл мерекені атап өткенді жөн көремін.
  • 2019 жылы өзім үшін де, отбасым үшін де, студенттерім үшін де табысты жыл болды. Қазақ ұлттық өнер университетінде оқитын студенттерім Дубайда өткен халықаралық өнер фестивалінде Абайдың жас кезін сахналап, гран-при иеленді.
    Отбасымызда үлкен қуаныш болды. Дүниеге бесінші немерем келді. Есімін Ескендір деп қойдық. Жақында тұсауын кестік. Әмір және Бейбарыс есімді немерелерім 1-сыныпқа барды. Ең үлкен немерем Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқуға түсті. Анам биыл 95 жасқа толды. 2020 жылы да арамызда аман-есен жүруін тілеймін. Өйткені анаң қасыңда болса, әр қадамыңды нық басасың.
    Шығармашылығымда көп жаңалық болды. Роза Мұқанованың «Фариза» пьесасында басты рольдердің бірін ойнап, спектакльді Мәскеуде қойып келдік. Бірнеше фильмге түстім.
    2020 жылы 60-қа толамын. Ал өнерде жүргеніме 40 жыл болады. Уақыттың қалай тез өтіп кеткенін де байқамай қалыппын. Тышқан жылы да көп жаңалық болады. «Келінжан» телехикаясының екінші маусымы түсірілмекші. Сатыбалды Нарымбетовтің фильміне және Мәскеуде тағы бір фильмге түстім. 2020 жылы жарыққа шығады.
  • Тышқан — өте пысық, еңбекқор жануар. Тышқан жылы туған азаматтар да сол сияқты еңбекқор, оптимист келеді. Әрдайым жүрген жеріне, ортасына жылу сыйлағанды жақсы көреді. Тышқан жылы туған достарым мен таныстарымнан осы қасиетті байқаймын.

Гүлмира Дайрабаева, тележүргізуші, журналист, актриса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 1972 жылы туған:

Гүлмира Дайрабаева
Гүлмира Дайрабаева. Фото жеке архивінен
  • Жаңа жыл мен үшін сондай ерекше мереке емес. Бұл — өзіңе есеп беретін, келесі жылға нақты мақсат қоятын кезең, өтіп бара жатқан жылы жасаған қателерді еске түсіріп, келесі жылы қайталамауға тырысатын уақыт, сонымен бірге сүріп жатқан  өмірге ризашылығыңды білдіретін кез. Жалпы, мен үшін жаңа мақсаттың пайда болуы Жаңа жылға байланысты.
    Жаңа жыл — отбасының мерекесі. Қазір екі ұлыммен Лос-Анджелесте тұрамын. Өйткені мұнда «Болашақ» бағдарламасымен білім алып жатырмын. Өзге елде жүрсем де, Жаңа жылды отбасыммен бірге тойлау дәстүрге айналды. Бірнеше минут бұрын үлкен ұлым Артурмен сөйлесіп, мерекені қалай тойлайтынымызды ақылдастық. Ол Қазақстанда, менің ата-анаммен бірге тұрады. Былтыр мерекені Нью-Йоркта қарсы алдық. Ал биыл Чикагода өткізуді жоспарлап отырмыз. Чикаго — ең көне, тарихи қаланың бірі. Ертең біз де осы қалаға барып, дайындаламыз. Жаңа жылдың тағы бір ерекше тұсы — кіші ұлым Арсен дәл осы мереке кезінде дүниеге келді. Биыл 11 жасқа толады. Менің ойымша, кез келген мереке адамның өмірінде тек бір сәттік көңіл-күй үшін емес, мәңгі із қалдыратын нәрсемен есте қалуы керек. Сол себепті қазір ұлдарым үшін жасап жатқан сыйлығым оларға жақсы естелік боп қалады деп ойлаймын.
  • 2019 жылға ризамын. Өйткені мен үшін өте сәтті жыл болды деуге болады. АҚШ-тағы Оңтүстік Калифорния университіндегі оқуымды жалғастырып жатырмын.
    2020 — менің жылым. Осы жылға қойған бірнеше мақсатым бар. Олардың орындалуы өзіме, қабілетіме байланысты. Сол себепті өзіме сенімдімін. Бәрі сәтімен болады деген ойдамын.
  • Негізі кімнің қай жылы туғаны туралы қазбалап сұрамайды екенмін. Сол себепті тышқан жылы туған адамдардың мінезі қандай болатынын да нақты білмеймін. Бірақ отбасымда тышқан жылы дүниеге келген үш адам бар. Үлкен ұлым Артур мен кіші ұлым Арсен де — «тышқандар». Өзге адамдарды білмеймін, бірақ ұлдарымның маған ұқсайтын тұсы көп. Олар өте еңбекқор және креатив ойлайды. Кез келген мақсатқа ақылмен, еңбекпен жетеді. Бұл қасиет менде де бар.

Бейбіт Көшқалиев, әнші, 1984 жылы туған:

Бейбіт Көшқалиев
Бейбіт Көшқалиев. Фото: Datnews.info
  • «Жаңа жыл біздің мереке емес», «Оны тойлауға болмайды» деп қарсы шығатындардың қатарынан емеспін. Өйткені Жаңа жыл — мемлекеттік мереке. Бұл кезде халық демалады. Жұмыс берушісінен, туған-туысынан, дос-жаранынан түрлі сыйлық алады. Сонымен бірге Жаңа жылды отбасы мерекесі деуге болады. Осы күні барлық туған-туыспен жыл сайын Атырауда бас қосамыз. Ата-анамызбен, әжемізбен көрісеміз. Олардың ақ тілегін естіп, бұрынғы жақсы сәттерді еске аламыз. Бірақ биыл, өкінішке қарай, Жаңа жылда Атырауға бара алмаймын, өз отбасыммен қарсы аламын. Бұл күні дастархан жайып, концерт көріп, балаларыма сыйлық беремін.
  • Мен үшін барлық жыл бірдей. Қандай қиындық болсын, жақсылық болсын, бәріне шүкір деймін. Жақында жеке альбомым жарық көреді. Қазір барлық жұмысты аяқтадық. Еңбегім еленіп, бірнеше музыкалық сыйлық алдым. «Жыл әні» номинациясын жеңіп алдым. 2020 жылдан тек жақсылық күтемін.
  • Адамның мінезін оның қай жылы туғанына немесе жұлдызнамасына сәйкес болатынына сенбеймін. Тышқан жылы туған басқа адамдармен қандай ортақ қасиетім бар екенін білмеймін.

Еңлік Сақтан, журналист, Baribar.kz редакторы, 1996 жылы туған:

Еңлік Сақтан
Еңлік Сақтан. Фото жеке архивінен
  • Қар мен Жаңа жыл мерекесі үшін қысты жақсы көремін. Жаңа жылға жақсылықтың, тағы бір мүмкіндіктің бастауы ретінде қараймын. Бұл — отбасымызбен төрт көзіміз түгел жиналатын кез.
    Жаңа жыл — бала кезімнен ғажайып кезең. Кішкентай кезімде үйге Аяз ата келіп, сыйлық бергені есімде. Кейін әкемнің танысына өтініш жасағанын білдік. Кейде ата-анам жастықтың астына сыйлық жасырып, «Түнде Аяз ата келіп, қойып кетті» дейтін. Мен үшін Жаңа жылдың әлі күнге дейін арманыңды орындай алатын күші бардай сезіледі.
  • 2019 жылы алғаш рет іссапармен шетелге шықтым. Бірақ бастысы бұл емес. Биыл өмірімде не бағалы, қай нәрсе құнсыз екенін түсінген сияқтымын. Жақын алыстап, құны жоқ нәрсе қасымда болғаны осыны ұқтырды. Мүшел жасқа жетпей тұрып, оған қатысты айтылатын сенімдерге мән бермедім. Бірақ әр мүшел сайын адамның есейетініне сене бастадым. 2020 жылы өмірімнің жаңа белеске өткенін, жетіле беруімді қалаймын.
  • Жақын достарым тышқан жылы туған. Бәріне ортақ қасиет — «тек өзімде болсын емес, айналамда да болса екен» деген жанашырлығы. Тышқан жылы туғандар өзінің ісі өзгеге қалай әсер ететініне, қасындағылардың жағдайына алаңдайды. Бірақ олар — өз қалауына жетпей тынбайтын пысық, тыпыршып, бір орында отырмайтын адамдар.

(Иллюстрация: Dribble.com/©Elena Heaven)