Алматыдағы Мұхтар Әуезов театрының ғимараты жаңарады

Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасында М.Әуезов атындағы драма театрының ғимаратын жаңарту мәселесі талқыланды.

Басқарманың баспасөз қызметінің мәліметінше, шарада сәулетші Берік Молжігіттің негізгі қасбетті әйнек витраждарымен алмастыру жобасы ұсынылды. Сәулетші витраждар театр ішін қаламен байланыстыруға мүмкіндік беретінін айтады. Жоспар бойынша витраждардың артында театр галереясы болады. Ол театрға келген көрерменнің бос уақытын өткізетін демалыс орны ретінде жұмыс істейді.

Жоба авторы Ораз Баймұратов театр ғимаратына биыл 50 жыл толғанын айтты. Оның айтуынша, жаңа нұсқаның кем тұстары бар.

Бұл нұсқаның дизайнында кемшілік бар. Витражбен алмастырғысы келетін секторға ұзындығы 4,8 метр болатын сыртқы қасбеттің консолінің салмағы түседі. Театрдың дайындығы, оның ішкі әлемі көрерменнен жасырын күйі қалуы керек. Менің ойымша, классикалық театрдың ғимараты витражсыз болуы керек. Өйткені бұл — біздің ұлттық қазынамыз, — деді Ораз Баймұратов.

Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының басшысы Алмасхан Ахметжанов витражы бар нұсқасы республикалық маңызы бар тарихи ескерткіштің келбетін бұзатынын мәлімдеді.

Жоғары технологиялық материалдарды қолдана отырып, қасбеттің бастапқы көрінісін сақтау қажет. Бөлімдерді витражға ауыстырмай-ақ, қасбетті қайта жасаудың басқа нұсқаларын қарастырған жөн, — деді Алмасхан Ахметжанов.

Алматы қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы театр ғимаратын жаңарту жобасымен ары қарай да айналысады. Театр аумағын абаттандыру мәселесі келесі отырыста көтеріледі, нәтижесі басқарманың ресми парақшаларында жарияланады.