«Болашақ» стипендиясын тағайындау тәсілдері өзгереді

Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның шешімімен 234 үміткерге «Болашақ» стипендиясы тағайындалды. Ақорда сайтының хабарлауынша, бұл туралы республикалық комиссияның Мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев төрағалық еткен кезекті отырысында айтылды.

Комиссия отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің республикалық комиссияның хаттамалық тапсырмаларының орындалуы туралы есебі тыңдалып, «Болашақ» бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды.

Комиссияның шешімімен 234 үміткерге стипендия тағайындалды, олар магистратура мен докторантурада білім алады және әлемнің жетекші ғылыми және өндірістік ұйымдарына тағылымдамаға жіберіледі, — делінген хабарламада.

Отырыс қорытындысы бойынша комиссия мүшелері «Болашақ» халықаралық стипендиясының тиімділігі мен ашықтығын арттыру үшін экономика саласын дамытудың перспективалары негізінде еңбек ресурсы балансындағы өзгерістерді ескере отырып, бірқатар нақты тапсырма берді. Мысалы, 2020 жылдан бастап бұл халықаралық стипендияны тағайындаудың жаңа тәсілдері енгізіледі. Олар конкурстық іріктеу жүргізу тетіктерін жетілдіруді және автоматтандыруды, оның кезеңдерін қысқартуды, Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның жұмысын оңтайландыруды және жұмыс органының жауапкершілігін арттыруды көздейді. Сонымен қатар стипендиаттарды оқытуға байланысты академиялық үдерістер де өзгереді.