Астана Аяз ата
Фото: Астана әкімінің баспасөз қызметі

«Атырау» көпірінің маңында Аяз атаның ертегідегідей резиденциясы ашылды. Оның ашылуына балалар үйінің 6-11 жас аралығындағы тәрбиеленушілері келді. Бұл туралы Астананың баспасөз қызметі хабарлады.

Резиденция алдында оларды қарсы алған аниматорлар квест ойынын ұйымдастырып, пошта бөлімшесіне әкелді. Ол жерде олар өздерінің хаттарын жәшікке салды, барлығы отырып ортақ хат жазды. Ортақ хатта Жаңа жылдың жақсылық, қуаныш, бақыт әкелуін тіледі.

Бұл үлкен хатты эльф алып иттер жегілген шанамен Аяз атаға алып кетті. «Жастар» сарайы директорының орынбасары Юлия Амирова айтып өткендей, балалардың қалауы жазылған сыйлықтар тізімі әкімдікке табыс етілген.

Астана Аяз ата
Фото: Астана әкімінің баспасөз қызметі

«Осы жерде бірінші — алтыншы сыныптарда оқитын оқушылар келді, бірақ балалар үйінің барлық тәрбиеленушілері Аяз атаға хат жазды. Өткен жылы да осылай жасадық, әркім өзі қалаған сыйлығын алды. Біреуі коньки, қуыршақ үйшігін сұрайды, ересек балалардың тілегі күрделі. Мысалы, велосипед сұрайды. Негізінен, қыста балалар коньки, шана, шаңғы алғысы келеді. Бізде Ақкөл кентінің ар жағында өзіміздің мұз айдынымыз бар, оны ересек балалар құяды», — деді балалар үйінің аға тәрбиешісі Татьяна Фенина.

Балаларды Жаңа жылмен және алдағы демалыспен Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина, «Жастар» сарайының директоры Сергей Солодовников құттықтады.

Хаттарын табыстаған соң балалар ас ішіп, алып алаңда сырғанақ тепті, суретке түсті.