2018 жыл бойынша айта кетсек, былтыр әуе компаниялары 7,6 миллион жолаушыны тасымалдады, бұл 2017 жылмен салыстырғанда 2,6% көп болды.

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстан әуежайлары биылғы 10 айда 14,8 миллион жолаушыға қызмет көрсеткен. 2019 жылдың қорытындысы бойынша көрсеткіш 16 миллион жолаушыға дейін жетеді деген жоспар бар. 2018 жылы ел әуежайларының қызметін 15 миллион адам пайдаланған: ішкі рейстер бойынша 9 миллион, халықаралық рейстер бойынша 6 миллион жолаушыға қызмет көрсетілді. Биыл 16 миллион жолаушыға қызмет көрсетілсе, әуежайлардағы жолаушы ағыны 6,6% ұлғаяды деген сөз.

Finprom.kz мамандары Қазақстан әуежайларының жолаушыларға қызмет көрсетуі жыл сайын шамамен 10% артып келе жатқанын айтып отыр. 11 әуежайға «ашық аспан» режимі енгізілгендіктен болашақта LOT Polish Airlines (Польша), Air Asia (Малайзия), «Белавиа» (Беларусь), Jazeera Airways (Кувейт) және Salam Air (Оман) әуе компанияларының жаңа рейстеріне қызмет көрсетіледі. Бұдан 2020 жылы жолаушы ағынының динамикасы арта түседі.

Биыл жолаушы ағынының артуымен бірге әуе көлігі компанияларының табысы да молая бастады: қаңтар-қарашада әуетасымалдаушылар табысы 369,2 миллиард теңге болды, яғни 16,4% ұлғайған. Былтырғы 11 айда бұл көрсеткіш 317,1 миллиард теңге болған еді (2017 жылдың 11 айына қарағанда 16,6% жоғары).

Әуе компанияларының биылғы табысының 97,9%-і жолаушы тасымалдаудан түскен — 361,2 миллиард теңге. Жүк пен қол жүгін тасымалдаудан түскен табыс — 7,9 миллиард теңге немесе барлық соманың 2,1%-і.