Биыл қазан айының соңында көтерме және бөлшек сауда мен автокөлік және мотоцикл жөндеу сферасында 131 мың шағын кәсіпорын тіркелгені белгілі болды. Finprom.kz сарапшыларының мәліметінше, былтыр бұлардың үлесі еліміздің барлық шағын кәсіпорнының 30,6%-і болса, биыл оның 30%-іне дейін азайған.

Биыл сауда мен көлік жөндеу саласында тіркелген шағын кәсіпорындардың 43,1 мыңы Алматыда, 21,1 мыңы Нұр-Сұлтанда орналасқан. Сарапшылар бұл екі қаланы осы сферадағы шағын бизнестің даму орталықтары деп есептейді.

Еліміздің сауда-саттық саласындағы шағын кәсіпорны аз өңірлер Түркістан және Қызылорда облыстары болып отыр. Түркістан облысында 2 мың, Қызылорда облысында 1,8 мың кәсіпорын тіркелген.

Сауда

2019 жылдың қаңтар-қазанында сауда саласындағы шағын кәсіпорындардың өндіріс көлемі 23,1 триллион теңге болды, оның 16,5 триллион теңгесі — көтерме сауда, 6,5 триллион теңгесі — бөлшек сауда көлемі. Көтерме сауда саласындағы шағын кәсіпорындардың меншікті салмағы жалпы сауда кәсіпорындарының 82,7%-іне тең, ал ритейлдегі шағын кәсіпорындардың үлесі 72,4% болды.