Қасым-Жомарт Тоқаев Қылмыстық кодекске түзету енгізуді тапсырды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қылмыстық кодекстегі «Жала жабу» бабын алып тастау, яғни оны қылмыс деп танымау туралы тапсырма берді. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің отырысынан хабарлады.

Мен Қылмыстық кодекстің 130-бабын («Жала жабу») қылмыс деп танымау және оны Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске ауыстыру туралы шешім қабылдадым, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев кеңес отырысында.

Президент әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру туралы бапқа қатысты да пікірін айтты.

Біз сонымен бірге Қылмыстық кодекстің 174-бабы бойынша зерделі ымыраға келе алдық. Бұл бапты ізгілендіру — заңның қазіргі редакциясына өзгеріс енгізіп, мейлінше қисынды етіп түсіндіру ұсынылып отыр. Мысалы, «қоздыру» деген сөзден бас тартып, оның орнына «өршіту» деген мейлінше нақты заң ұғымын қолдану, — деді Мемлекет басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Қоғамдық сенім ұлттық кеңесінің мүшесі Айман Омарова Қылмыстық кодекстің 130-бабының («Жала жабу») қылмыстық мазмұнын өзгертуді және 174-бабына («Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру») түзету енгізуді ұсынған еді.