«Ештеңеден қорықпаңыз»

Юрий Дороховтың айтуынша, біздің елде журналисті айыптау көбіне оған қысым көрсету, қорқыту мақсатында жасалады. Сотқа бергендер «Пайдаға асып қалуы мүмкін, шынымен үркіп қалар» деп ойлайды.

2016-2017 жылдары жала жабу бойынша барлығы 1314 іс қозғалған. Оның 93-інде ғана журналист қылмыс жасады деп танылған. Мұндай іске көбінде журналистің мүлдем қатысы болмай шығады. Журналиске қысым жоқ екенін тәжірибе көрсетіп келеді. Маманның айтуынша, сол себепті қатты қорқудың қажеті жоқ. Айып көбіне журналистің өзінің білімсіздігінен болуы мүмкін.

Таратқан ақпаратыңыздан сізге бірнәрсе болып қала ма деп қорықсаңыз, оны өзіңіз сенімді болатындай етіп жазыңыз. Тіпті, материалыңыз үшін сізді айыптауға да лайық болуыңыз керек. Ең қызық тақырып пен күшті жазылған материал ғана көзге түседі, — дейді Юрий Дорохов.

Юрийдің өзі шамамен 10 жыл бұрын тұрғындардың мінез-құлқы, әдеттері туралы «Эти странные алматинцы» деген мақала жазған. Материалды 5 жылда түрлі басылым жариялады.

2015 жылы маған Ішкі істер департаментінен қағаз келді. Бір азамат менің үстімнен «Алматылықтардың намысына тиді» деп арыз жазыпты. Бірақ департаменттегілер қылмыс емес деп, арызды қайтарған. Тіпті, оларға мақалам ұнады, — дейді ол.

Юрий Дорохов
Юрий Дорохов. Фото автордан

«Әр сөзге мән беріңіз»

Юрий Дорохов өте мұқият болуға кеңес берді. Себебі журналист тағдырына бір сөздің өзі әсер етуі мүмкін.

Есіңізде болсын, сотталмаған адамды «қылмыскер» деп жазбаңыз. Бұл — жала жабу. Мысалы, «Н. деген азамат К. деген адамды пара алды деп, айыптап отыр» деңіз. «Пәленше деген азамат компанияға үлкен шығын әкелді» деп жазбаңыз. Бұл жерде де біреудің айыптағанын факт ретінде көрсетіңіз. Айыптаушы журналист емес, — дейді «Курсив» газетінің жоба директоры.

«Ақпаратты тексеріңіз»

Маман фактчекинг жасауға түрлі мүмкіндік бар екенін айтты. Журналист «Мына адам өтірік айтып тұрған жоқ па? Оның айтқанының бәрі рас па?» деп әбден ойлануы керек. Себебі ол таратқан ақпарат әлемнің басқа жеріндегі оқиға болуы мүмкін. Тіпті, ресми органнан келген мәлімет болса да, адамның атын, цифрды интернеттегі дерекпен салыстырыңыз. Байқаусызда бір әріп немесе сан дұрыс жазылмай қалуы да мүмкін.

Бір кездері әуекомпания ұшақтан екі адамды шығарып, орнына басқа жолаушыларды отырғызғаны туралы ақпарат тараған. Кейін оларды ешкімнің шығармағаны, екі жолаушының хабарламаны естімей, рейстен қалып қалғаны анықталды, — дейді ол.

«Диктофон мен қаламды қатар қолданыңыз»

Юрий Дорохов журналистерді бәрін қаламмен жазып отыруға шақырды. Оның айтуынша, бұл материалды дайындауды тездетуге көмектеседі.

Қолыңыздағы мәліметті сақтап жүріңіз. Фотодан күдіктенсеңіз, оны желіден іздеңіз. Үнемі диктофон қолданыңыз, — дейді журналист.

«Пікірді жан-жақтан алыңыз»

Маман пікірді жан-жақтан алуға кеңес береді. Оқиға екі жаққа қатысты болса, екінші тарапты міндетті түрде сөйлетіңіз. Жауап беруден бас тартса, материалда сұрағаныңызды, бірақ жауап бергісі келмегенін және кез келген уақытта оларды тыңдауға дайын екеніңізді жеткізіңіз. Кейін жауап берсе, міндетті түрде жариялаңыз.

Ешқашан басқа біреудің пікірін, ойын қосып жазбаңыз. Сұхбат берушінің біреу туралы жағымсыз пікірі ақпарат емес. Журналиске соттың, аналитиктің немесе пайғамбардың ролінде болудың қажеті жоқ. Біздің қызметіміз — басқа, —  дейді Юрий Дорохов.

«Ақша алмаңыз»

«Курсив» газетінің жоба директоры ақша алған журналистің ісінде абырой болмайтынын айтты.

Ақшаға жариялап берген ақпаратыңыз жалған болса, оның үстіне сіздің ақша алғаныңыз анықталса, репутацияңыздың күл-талқаны шығады. Ақшаға шын ақпаратты жарияласаңыз да, сіздің қаражат алғаныңыз, екінші жақтың бергені бәріне жария болады, — дейді ол.