— Мәди, адамның музыкалық талғамы оның интеллект деңгейіне байланысты деп жиі айтылады. Сіз музыканың қазіргі заманғы бағыттары туралы не ойлайсыз, IQ мен талғам арасында байланыс бар ма?

— Адамның қандай музыка тыңдайтыны оның интеллект деңгейімен байланысты деп ойламаймын. Адамның музыкаға деген талғамы оның біліміне емес, өзіне, көңіл-күйіне байланысты шығар. Адам болған соң әртүрлі музыка тыңдайсың. Бір кездері керемет санаған музыка уақыт өте келе сізге мүлдем ұнамай қалуы мүмкін. Менің де мағынасы жоқ әндерді тыңдайтын кездерім болады. Арасында рэп те тыңдаймын.

Мәди Рымбаев
Мәди Рымбаев. Фото: Dan Romanov

— Әдетте қазақ әншілерінің әлеуметтік желілердегі парақшасындағы жазбаларына, бейнеклиптеріне жағымсыз комментарийлер жазылып жатады. Ал сізге наразы пікір жазғандарды көп кездестірмедік. Сізге негатив қалай әсер етеді?

— Шығармашылығыма болмаса да, жеке басыма тиісіп негатив пікір айтатындар, жазатындар бар. Олар «Мәди анасы мен ағасының көлеңкесінде жүр» деген сияқты нәрселерді айтады. «Сүйкімсізсің» деп те жазғандар болды. Әнші болған соң, халықтың алдында жүрген соң мұндай пікірлерге үйреніп кетесің. Сол себепті көп мән бермеуге тырысамын.

— Аты-жөніңізді интернетке жазғанда тек бейнеклиптеріңіз бен әндеріңіз шығады. Сіз туралы ақпарат жоқтың қасы, сұхбаттарыңыз да аз. Мұның себебі не?

— Мен туралы интернетте ақпараттың аз болуы өзім туралы айтудан қашатынымнан емес. Себебі шығармашылықты енді ғана қолға ала бастадым. Бұған дейінгі уақытымның бәрін сабақ оқып, білім алуға жұмсадым. Сол себепті уақыт болған жоқ. Ал қазір шығармашылықпен қызу айналысып жүрмін. Алдағы уақытта мен туралы да ақпарат көп болады деп ойлаймын. Бірақ жеке өміріме қатысты емес, шығармашылығыма қатысты нәрселерді ғана бөлісіп отырамын.

Мәди Рымбаев
Мәди Рымбаев. Фото: Dan Romanov

— Мәди Рымбаев қандай адам? Оқырманға өзіңіз туралы айтып беріңізші.

— Мәди кішкентай кезінде өте тынымсыз бала болды. Бір орнында отыра алмайтын. Оған қоса, қызуқанды, шамданғыш болдым. Уақыт өте келе мінезім өзгерді. Қазір өте тыныш адаммын. Ешкіммен ұрыспауға, сөзге келмеуге тырысамын. Конфликтіден аулақ жүремін. Мәди — музыкамен өмір сүретін және онсыз өмірін мүлдем елестете алмайтын адам.

Мәди Рымбаев
Мәди Рымбаев. Фото: Dan Romanov

— Альбомыңыздағы әннің көбі махаббат туралы. Тыңдарманға махаббаттан өзге контент қызық емес пе?

— Бұл тақырып жаныма жақын. Махаббат туралы ән жазған, айтқан ұнайды. Өйткені махаббат — өте үлкен тақырып. Оның ішінде жауапсыз махаббат, өзара сүйіспеншілік, айырылысу деген сияқты сезімдер бар. Сол сезімдер туралы айтқан ұнайды. Бірақ алдағы уақытта махаббат туралы ғана емес, басқа да тақырыптар туралы айтуға, жазуға тырысамын.

— Шығармашылығыңыз туралы Роза Рымбаева мен Әли Оқапов не дейді? Сіз үшін олардың ойы маңызды ма?

— Шығармашылығыма қатысты анам мен ағам ешқандай пікір айтпайды. Қарсы да емес. Өйткені олар да өнерде жүр ғой. Бәрін түсінеді. Шығармашылығыма қатысты сын айтқан жоқ. Айтқан күннің өзінде бұл — менің шығармашылығым. Ағам Әли музыкант ретінде ешқандай көмек бермейді. Бірақ анам қаржы жағынан көмек беріп тұрады. Оны жасырмаймын.

— Қазір музыкалық білімі жоқ адамдар да ән айтып, сахнада жүр. Олардың көпшілігі жастар арасында танымал. Мұндай жобалар ұзаққа барады деп ойлайсыз ба?

— Мұның эстрадаға ешқандай жаман әсері жоқ деп ойлаймын. Өйткені өнер тек музыкалық біліммен шектелмейді. Шығармашылық көп кезде фантазияға байланысты болады.

Мұндай әншілердің болашағы туралы ештеңе айта алмаймын. Бір хит шығарып, жоқ болып кетер, әрі қарай жұмыс істеп, өзін дәлелдеуі де мүмкін. Ол артистің өзіне байланысты.

Мәди Рымбаев
Мәди Рымбаев. Фото: Dan Romanov

Қазір Қазақстанда музыка дамып жатыр. Көп жас талант бар. Музыканттар экспериментті қорықпай жасай алатын болды. Бұл маған ұнайды. Өйткені бір орында тұрып қалу дұрыс емес. Жетістікке жету үшін түрлі эксперимент жасап, оқып-үйрену керек. Бірақ оларға бағаны мен емес, халық береді.

— Келешекте Мәди Рымбаев тыңдарманына не ұсынады?

— Жақында Soul Ushin деген альбомды шығардық. Осыдан кейін кішігірім үзіліс жарияладым. Өйткені біраз күш жинап, тынығуым қажет. Алда емтихан, Жаңа жыл. Жаңа жылдан кейін қайта жұмысқа кірісемін. Алдағы уақытта жоспар көп. Бірақ әзірше құпия болып қалсын.

— Әңгімеңізге рақмет!