Әнші, Қазақстанның халық артисі Роза Рымбаеваға «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиісті жарлығы Ақорданың сайтында жарияланды.

Ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан айрықша үлесі, ән өнерін насихаттаудағы ерекше еңбегі үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі — «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, айрықша ерекшелік белгісі — «Алтын жұлдыз» бен «Отан» ордені «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы» РМҚК артисі Рымбаева Роза Қуанышқызына тапсырылсын, — делінген құжатта.

Роза Рымбаева 1957 жылы бұрынғы Семей облысында туған. Қазақстанның халық артисі, Қырғызстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі, Ленин комсомолы сыйлығының екі мәрте иегері, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, ІІ дәрежелі «Достық» орденінің, «Парасат», «Құрмет» ордендерінің иегері, Шығыс Қазақстан облысының құрметті азаматы, Беларусь Президентінің «Өнер арқылы бейбітшілік пен өзара түсіністікке» арнайы марапатының иегері. Биыл 28 қазанда ол 62 жасқа толды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығымен «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы, оның «Алтын жұлдыз» айрықша ерекшелік белгісі мен «Отан» ордені өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін Жезқазған тұрғыны, «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС филиалы — «Жезқазғантүстімет» өндірістік бірлестігінің кен-өндіріс кешенінің ұңғылаушысы Тұрсынбек Мәкішевке де берілді.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!