Олардың өнері мен шығармашылығы қалың бұқара мәдениетінен, мейнстрим мен ресмиліктен дара қалыптасып келеді. Олар - қазақ музыкасында Ғалымжан Молданазардың ізін ала айрықша жол салып келе жатқан буын. Олардың аудиториясы қара нөпір емес, ат төбеліндей болуы мүмкін, есесіне талғамы жоғары, интеллектуал азшылық. Baribar.kz Қазақстанның қазіргі андеграунд музыканттарымен таныстырады.

ARShAT band 

Аршат Хайролла – әннің сөзі мен әуенін қатар жазатын инди-рок-музыкант. 15 жасында Т.Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясының колледжіне түсіп, кейін Мәскеудегі П.М.Ершов атындағы театр өнері институтын бітірген. Ресейде оқып жүргенде Аршат “Дудар-ай” әнімен продюсер Сергей Мильниченконың кастингінен өтеді. Бірақ тәуелсіз музыкант Мильниченкомен төрт ай ғана жұмыс істеп, елге оралады. Аршат 40-тан астам ән жазған. Оның ARShAT band ұжымы әр концертте түрлі форматтағы әндерді орындайды. Инди-рок тобының репертуарында барлығы 70-ке жуық ән бар. Тыңдарманға “Арманға сенемін”, “Түнде”, “Балға мен шеге”, “Мен ең бақытты жанмын”, “Шаршаған кезде” әндері жақсы таныс. Оған қоса, mp3 форматында айтылмайтын “Тас атты” әні бар.

Аршат – музыкант қана емес, Алматының “Трансформа” өнер кеңістігіндегі Laboratory 316 тәуелсіз театрының актеры да.

Qonyratbay Fam

Сұлтанали мен Бибі-Хадиша Қоңыратбайлар – инди-поп-рок жанрындағы авторлық композицияларды орындайтын ағалы-қарындасты дуэт. Музыканттар 2013 жылы үйден ән жаза бастайды. Instagram-да Ғалымжан Молданазардың “Мейірімді бол” әнінің каверімен көзге түскеннен кейін автор екеуіне ән жазуды шындап қолға алуды ұсынған. Осылайша бауырлар 2015 жылы дуэт құрып, Kim Sen,  Bir an salam және Baribir композицияларын шығарды.

Mercury Cachalot

Мерей Отан – Назарбаев Университетінің түлегі, инди-рок бағытындағы музыкант.  Шығармашылығы 2014 жылдан басталады. Композицияларының әні мен сөзін өзі жазады. 2017 жылы GoViral фестиваліне қатысқан. Мерейдің  “Кішкентай жүрек” әні Нұртас Адамбайдың “Мен күйеумін!” фильмінің саундтрегі болды. Музыкант әнді студияда емес, үйінде жазады. Mercury Cachalot әндерін SoundCloud платформасы мен “ВКонтактеге” жүктеп қояды. Мерейдің шығармашылығымен танысу үшін әуелі Algashky mahabbat және “Маған қарағанда” әндерін тыңдап көруге кеңес береміз.

Far In Gate

Топ мүшелерін Рэй Брэдберидің “Фаренгейт бойынша 451 градус” кітабы шабыттандырған. Олардың инди мен альтернатив рок бағытындағы шығармашылығы осы кітаптағы кейіпкердің философиясымен астасып жатыр. Far In Gate тобы биыл құрылғанына 5 жыл толуына байланысты Iz альбомын жарыққа шығарды. SoundLab Records екеуі Orange Fest, Almaty Pop Up Store, Nomad Vibes, ArtFest Astana, Esquire Picniс және Ready.Set.Loud! музыка фестивальдерінде өнер көрсетті. Біз оқырманға топтың Alysta, Esimde және Beker me әндерін тыңдауды ұсынамыз.

Jeltoksan

Jeltoksan – хип-хоп жанрындағы лирикасымен танылып келе жатқан музыкант. Автор композициялары махаббат пен өмірдің мәні туралы. Музыкант Alyska әнін Желтоқсан оқиғасына арнаған.

Darkhan Juzz

Әуесқой музыкант. 3 ай бұрын “Күн мен Айым” атты алғашқы видеоклипі Gakku телеарнасының эфиріне шықты. Дархан 14 жасқа толғанда әпкесі гитара сыйлаған, сол кезде ол Виктор Цойдың “Пачка сигарет” әнін айтып үйренеді. Кейін махаббат туралы алғашқы авторлық әнін жазды. 2013-2014 жылдары бірнеше әнін студиядан жазып шығарды. Дарханның композицияларын жас режиссерлар мен вайнерлер саундтрек ретінде пайдаланады. Андеграунд өкілінің айтуынша, музыкалық шығармашылық оған күнделік жазу іспетті. Дарханның TBRN альбомы барлық музыка платформасына жүктелген.