Зәмзәгүл Шәріпова 1931 жылы 31 тамызда Алматы облысы Жамбыл ауданында туған. 1948 жылы Алматы театр училищесін бітірді. Сол жылдан бастап «Қазақфильм» студиясында және Қазақ радиосында қызмет етіп, дубляж бен радиоқойылымдарға қатысты.

Ол 1953 жылы М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік құрамына қабылданды. Сол уақыттан бері осы театрда қызмет еткен актерлік диапазоны кең актриса ұлттық драматургия бен дүниежүзілік классикадан  100-ден аса сан қырлы бейнені сомдады.

Сахнадағы рольдері: М.Әуезовтің «Айман-Шолпанында» Айман, «Қарагөзінде» Қарагөз, Ғ.Мүсіреповтің «Ақын трагедиясында» Ақтоқты, Қ.Мұхамеджановтың «Жат елде» драмасында Ева Браун, Ә.Тәжібаевтың «Көңілдестерінде» Дәмеш, Қ.Байсейітов пен Қ.Шаңғытбаевтың «Беу, қыздар-ай!», «Ой, жігіттер-ай!» комедияларында Нұрсұлу, С.Жүнісовтің «Ажар мен Ажалында» Ажар, Д.Исабековтің «Әпкесінде» Қамажай, А.Бекбосынның «Соңғы сезімінде» Ана, Ф.Буляковтың «Отыз ұлың болғанша…» комедиясында Сәлима, т.б.

Сонымен қатар Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы киноактриса ретінде де танымал. Алғаш рет 1955 жылы шыққан «Өжет қыз» картинасында басты рольдегі Нұржамалдың бейнесін сомдаған.

"Өжет қыз" фильмі
«Өжет қыз» фильмі. Фото: Казахфильм

«Біз осында тұрамыз» фильмінде Дана ролінде.

"Біз осында тұрамыз" фильмі
«Біз осында тұрамыз» фильмі. Фото: kinopoisk.ru

«Өмір жолы» картинасында Хадиша ролінде.

"Өмір жолы" фильмі
«Өмір жолы» фильмі. Фото: Казахфильм

1997 жылы жарық көрген «Заман-ай» картинасында Зәмзәгүл Шәріпова Балзия ролінде танылды. Бұдан басқа актриса «Шыңдағы шынар» фильмінде прокурордың, «Абай» фильмінде Қарлығаш ролінде ойнап шықты.

Ұлттық өнерге сіңірген ерекше еңбегі үшін З.Шәріповаға Қазақ КСР еңбек сіңірген артисі (1959), Қазақ КСР халық артисі (1966) құрметті атақтары берілді. «Құрмет белгісі» (1959), «Халықтар достығы» (1981) және тәуелсіз Қазақстанның «Отан» (2005) ордендерімен, сонымен қатар бірнеше дүркін Қазақ КСР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамотасымен марапатталған.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Зәмзәгүл Шәріпова жөнінде былай дейді:

«Зәмзәгүл Нүсіпбайқызы ұлттық драматургия саласындағы талантты актерлер шоғырының белді өкілдерінің бірі болатын. Оның кинода және театр сахнасында сомдаған айшықты рольдерін өнерсүйер қауым әрдайым қызыға тамашалады. Ол ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қолтаңбасы арқылы өз саласында айрықша із қалдырды. Зәмзәгүл Шәріпованың қазақ өнеріндегі ерекше орны мен жарқын дидары ешқашан ұмытылмайды деп сенемін.»

Актрисаны ақтық сапарға шығарып салу 17 шілде күні сағат 10.00-де М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының ғимаратында өтеді.