ҰҚК террористердің әрекетіне үш рет тосқауыл қойды

Қазақстанда терроризм актісіне үш рет жол берілмеді. Бұл туралы Tengrinews.kz тілшісі ҚР ҰҚК Антитеррорлық орталығы ұлттық штабы басшысының бірінші орынбасары Сергей Швейкинге сілтеме жасап хабарлады.

Сергей Швейкин Нұр-Сұлтандағы брифинг барысында Қазақстанда терроризм қаупі басылмағанын айтты.

Биылдың өзінде ҰҚК органдары террорлық акт жасауға дайындалып жатқандардың ісіне үш рет тосқауыл қойды. Оның екеуі Алматыда, тағы біреуі Қарағанды облысында жасалмақ болған. Ұйымдастырушылар мен орындаушылардың бір бөлігі халықаралық терроризм ұйымдары содырлары арасындағы таныстарының ықпалына ұшыраған болса, енді бір бөлігі интернеттегі террористік, экстремистік сипаттағы материалдарды оқи жүріп, өз бетімен радикалданған, — деді Сергей Швейкин.

Терроризмге қарсы орталық өкілінің айтуынша, ұсталғандардан атыс қарулары мен жарылғыш заттар тәркіленді.

Олар құқық қорғау органы ғимараттарына, ірі сауда орталықтарына, мәдениет нысандары мен қаржы мекемелеріне шабуыл жасауды және адамды кепілге алуды жоспарлаған, — деді ол.

Терроризм әрекетіне қатысы бар деген күдікпен ұсталған азаматтар сотталды, оларға 6-18 жыл арасында бас бостандығынан айыру жазасы берілді.