Кейде адамдар өзін жайсыз сезініп, бір мүшесі ауырып тұрғандай болуы мүмкін. Бірақ дәрігерге қаралса, барлық мүшесі сау болып шығады. Нақты диагнозын біле алмай, беймаза күй кешіп жүреді. Көбіне мұндай жағдай адам бір жаққа барғысы келмегенде болады. Медицина оны психология факторларының ағзаға әсерін зерттейтін ілім — психосоматика аясында қарастырады.

Адамдар емделген кезде қалай ауырып жүргенін, аурудың белгілері қандай болғанын айтады. Бірақ ішкі күйзелісі мен проблемасын дәрігерге айта алмауы мүмкін. Ал гәп психосоматика ауруларында болуы кәдік.

Мұндай ауруларға эмоцияның сыртқа шықпауы себеп болады. Адам ашуланған кезде оны сыртқа шығара алмаса, ол ренішке айналады. Реніш іште сақталып, бір күні оны қандай да бір дертке шалдықтырады, психосоматика жағдайы деп осыны айтады. Психосоматика ауруларының әсерінен ағза бұзылуға бейім болады. Стресс салдарынан тыныс демікпесі, гипертония, стенокардия, асқазанның ойық жарасы сияқты аурулар пайда болуы мүмкін, — дейді дәрігер.

Гүлсім Досыбаева. дәрігер.
Гүлсім Досыбаева, дәрігер. Фото жеке архивінен

Неврологтың айтуынша, адамның барлық дене мүшесі мимен тығыз байланысты. Сондықтан адамның бірнәрсені істегісі келмей тұрғанын немесе оның бір жаққа барғысы келмей тұрғанын дене мүшелерінің бірі «сезіп», ауырып қалады. Мазалаған мәселе шешілгеннен кейін ауырған мүше қалпына келеді. Бұл — мидан келетін сигналдың нәтижесі. Адамдардың кейбірі үнемі өз-өзіне көңілі толмай жүреді, істеген ісі сәтсіз болса, жолы болмай қалса, соған қатты күйінуі мүмкін. Мұндай психология факторы оның асқазанында жара шығуына себеп болуы ықтимал.

Дәрігер психосоматика ауруларынан сақтану үшін мына әдістерді қолдануға кеңес береді:

  • Ойды артық проблемадан тазарту;
  • Күйзеліске әсер еткен мәселенің шешімін табу;
  • Спортпен шұғылдану;
  • Луиза Хей, Антонио Менегетти, Джойс МакДугалл, Франц Александер сияқты психологтар мен дәрігерлердің шығармаларын оқу.

Психосоматика ауруларын дәрімен емдеуге болмайды. Мұндай жағдайда психолог пен неврологтың көмегіне жүгіне аласыз. Білікті маман эмоцияны басқаруды, мазалаған ойды сыртқа еркін шығара білуді үйретеді.

(Иллюстрация: Dribbble.com ©Marta Salamon)