Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев пен Республика бюджетінің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунованың баяндамасын тыңдады.
Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Бердібек Сапарбаев Президентке көмекке мұқтаж тұрғындарды әлеуметтік қамсыздандыру жөніндегі жұмыс туралы баяндады. 2020 жылдан бастап атаулы әлеуметтік көмек ең әуелі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына беріледі.
Мемлекет басшысы өңірлердегі азаматтардың арыз-шағымын әділ әрі тиімді қарастыруға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. Президенттің айтуынша, барлық деңгейдегі әкімдердің жауапкершілігі соған байланысты артады. Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін сапалы жүзеге асыру мәселесіне қатысты нақты тапсырмаларды да берді.
Наталья Годунова Президентке Қорғаныс министрлігіне, «Қазақстан инжиниринг» ұлттық компаниясына және «Қазарнаулыэкспорт» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жүргізілген мемлекеттік аудиттің қорытындысы туралы баяндады. Есеп комитетінің төрағасы «Қазақстан инжиниринг» компаниясы қызметінде ретсіз шығын көп екенін, кәсіпорынның қарыз жүктемесі артқанын және холдингтегі өндіріс желісі әбден ескіргенін айтты.
Мемлекет басшысы аудит қорытындысы бойынша жинақталған материалдарды өкілетті органдарға жолдауды, лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарастыруды тапсырды.