Үш қабатты коттежде тұратын атаулы әлеуметтік көмек алушы анықталды

Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қарағанды ​​облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы тарапынан жүргізілген атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың заңдылығын тексеру кезінде бұл көмекті алушылардың арасында үш қабатты коттеджде тұратын отбасы анықталды.

Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүнісбекова Қарағанды ​​облысы тұрғындарының әлеуметтік қызметкерлерді алдауының өрескел фактілері туралы хабарлады. Оның айтуынша, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындағанда ең көп кездесетін заңбұзушылық — нақты кірістерді жасыру, отбасының тұрмыс жағдайы мен өмір сүру шарттары туралы жалған ақпарат беру.

Қарағандыда сегіз бала тәрбиелеп отырған көпбалалы отбасы 2019 жылы мамыр айында атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға өтініш білдірді. Отбасыға ай сайын жалпы сомасы 105 мың 843 теңге болатын 2 миллион 339 мың 688 теңге көлемінде әлеуметтік көмек тағайындалды. Біздің Басқарманың жүргізген атаулы әлеуметтік тағайындаудың заңдылығын тексеру кезінде бұл отбасы жалпы ауданы 100 шаршы метрден асатын үш қабатты коттеджде тұратыны анықталды. Оған қоса, жеке меншігінде көлігі бар, яғни олардың тұрмыс жағдайы жеткілікті. Бұл отбасыға қайта есептеу жүргізіліп, нәтижесінде оларға атаулы әлеусеттік көмекті тағайындаудан бас тартылды, – деді Әсем Жүнісбекова.

Оның айтуынша, әлеуметтік көмекті заңсыз жолмен алу мақсатында Қарағандының кейбір тұрғыны нақты тұратын немесе уақытша тіркелген мекенжайын жасырмақшы болған. Мысалы, атаулы әлеуметтік көмекті алушылардың үйін аралағанда тұратын мекенжайын жалған көрсетіп,  ай сайын 108 мың 882 теңге көлемінде жалпы сомасы 1 миллион 306 мың теңге төлем тағайындалған отбасы анықталды. Шын мәнінде отбасы қымбат жөндеуден өткен екі қабатты коттеджде тұрады, жеке меншігінде автокөлігі бар.

Қарағанды облысы бойынша 92 отбасыға атаулы әлеуметтік көмекті төлеу уақытша және 890 отбасыға мүлде тоқтатылды. 1 мың 621 отбасыға қайта есептеу жүргізілді.

Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау мен төлеу ретіне мониторинг жасағанда Қазақстанда 73 мыңнан астам атаулы әлеуметтік көмек алушының табысы туралы жалған ақпарат бергені анықталды.

Осыған байланысты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі әкімдіктермен бірлесе отырып, әрбір анықталған факті бойынша, заңбұзушылыққа жол бермеу және «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» ҚР Заңын бұза отырып тағайындалған төлемдерді қайта қарау бойынша жеке-жеке жұмыс жүргізіп жатыр.

2019 жылы 7 қазанда Үкімет отырысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов Қазақстанда 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізу жоспарланып отырған атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерін таныстырған болатын.

Ең басты принцип — мемлекет көмекке мұқтаж адамдарға, әсіресе, балалар мен көпбалалы отбасыларға көмектеседі. Еңбекке қабілетті азаматтар жұмыс істеуі керек. Мемлекет жұмысқа орналасуға немесе шағын бизнеспен айналысуға көмектеседі. Мемлекеттік көмекке — көпбалалы отбасыларды қолдау, табысы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, табысы аз отбасылардағы балаларға берілетін кепілдендірілген әлеуметтік пакет кіреді, – деді Біржан Нұрымбетов.

Министрдің айтуынша, көпбалалы отбасыларға қолдау көрсету республикалық бюджеттен мемлекеттік жәрдемақылар енгізу арқылы қамтамасыз етіледі. Бұл мемлекеттік жәрдемақы барлық көпбалалы отбасыға (4 немесе одан да көп кәмелетке толмаған баласы бар) табысына қарамастан төленеді.

Атаулы әлеуметтік көмек табысы аз отбасыларға, соның ішінде көпбалалы отбасыларға төленетін болады. Ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-і тағайындаудың шекті критерийі болып қала береді. Егер еңбекке қабілетті отбасы мүшесі ұсынылған жұмыстан және жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларынан бас тартса, онда атаулы әлеуметтік көмек төлемі тек оған емес, бүкіл отбасыға да тоқтатылады

Табысы аз отбасылардан шыққан балалар үшін кепілдендірілген әлеуметтік пакетті енгізу ұсынылады. 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды азық-түлікпен және гигиена құралдарымен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мектептерде ыстық тамақпен, оқу құралдарымен және мектеп киімімен қамтамасыз етеді. Оларға мектепке дейінгі жол жүру шығындары өтеледі. Медициналық, оның ішінде стоматология көмегі 18 жасқа дейінгі балаларға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде көрсетілетін болады.