Басты бетЖаңалықтарЖауын-шашын мен...

Жауын-шашын мен боран: жұмада елімізде ауа райы қолайсыз болады

«Қазгидромет» болжамы бойынша бұл күні республика аумағында тұман түседі, көктайғақ болады, жел күшейіп, боран соғады, солтүстік пен шығыста екпіні секундына 30 метрге жететін және одан асатын күшті жел соғады.

Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында екпіні секундына 30 метрге жететін және одан да қатты жел мен боран соғады, жаңбыр, қар жауады, тұман түсіп, көктайғақ болады. Нұр-Сұлтанда боран соғады, жел екпіні секундына 25 метрге жетеді, көктайғақ болады.

Қостанай, Павлодар, Жамбыл облыстарында жел екпіні секундына 23-28 метрге жетеді, тұман түседі, көктайғақ болады, боран соғады, Жамбыл облысында ауа температурасы 3 градусқа дейін күрт төмендейді. Батыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында тұман түседі, көктайғақ болады, боран соғады, жел екпіні секундына 15-20 метрге дейін күшейеді. Түркістан, Қызылорда облыстарында да тұман түседі, көктайғақ болады, жел екпіні секундына 15-20 метрге жетеді, Түркістан облысында жаңбыр толассыз жауады, Қызылорда облысының Қармақшы ауданында жел екпіні секундына 23-28 метрге дейін күшейеді.

Ақтөбе, Атырау облыстарында екпіні секундына 18 метрге жететін жел соғады, Ақтөбе облысында боран соғады. Алматы облысында жел екпіні секундына 17-22 метрге дейін күшейеді.

Қызылорда облысында Сырдарияда мұз қатуына байланысты өзеннің Жосалы тармағында су деңгейі көтерілу қаупі бар.