Бейсенбідегі ауа райы: жауын-шашын, аяз, боран мен көктайғақ

«Қазгидромет» болжамына қарағанда бейсенбіде Алматы, Жамбыл, Маңғыстау облыстарында тұман түсіп, көктайғақ болады, екпіні секундына 15-20 метрге жететін жел соғады, Жамбыл облысында жаяу бұрқасын соғады.

Түркістан, Қызылорда облыстарында тұман түседі, боран соғады, жел екпіні секундына 15-20 метрге, Қызылорда облысының кей жерінде 23 метрге жетеді,  Түркістан облысында көктайғақ болады.

Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарында күн тұманды болады, Шығыс Қазақстан облысында жаяу бұрқасын соғады, жел екпіні секундына 15-20 метрге күшейеді.

Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында 30 градусқа дейін, Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстарында 33 градусқа дейін аяз болады. Аталған өңірлерде төтенше ескерту жарияланды. Жайсыз ауа райы кезінде жолда қалып қойған көлік жүргізушілері мен басқа да азаматтар құтқару қызметінің «112» бірыңғай нөміріне хабарласуы керек.