«Қазгидромет» кәсіпорны желтоқсандағы ауа райына болжам жасады. Мамандардың мәліметінше, қыстың алғашқы айында ел аумағының көп бөлігінде ауа температурасы нормаға жақын, солтүстік және шығыс өңірлерде нормадан 1 градус төмен, оңтүстік пен оңтүстік-батыста 1 градус жоғары болады.
Жауын-шашын мөлшері Қазақстан аумағының көп бөлігінде норма шамасында және нормадан көп, республиканың оңтүстік-батыс бөлігінде нормадан аз болады.
Оңтүстік циклонның әсерінен бірінші онкүндіктің ортасында жауын-шашын түседі, оңтүстіктің кей жерінде толассыз жауын-шашын (көбіне жаңбыр жауады) мен тұман түседі, көктайғақ болады, жел екпіні секундына 25 метрге күшейеді, солтүстік өңірлерде боран соғады, ауа температурасы көтеріледі, — дейді мамандар.
Бірінші онкүндіктің соңында Скандинавия аудандарынан суық ауа массасы келіп, республиканың көп бөлігінде ауа температурасы ауытқиды. Батыста, солтүстік-батыста температура түнде 3-13 градус аяздан 8-15 аязға дейін, оңтүстік-батыста 3 аязға дейін төмендейді, күндіз 2 градус аяздан 3 градус жылыға көтеріледі, оңтүстік-батыста 8 градус жылыдан 2-10 аязға дейін төмендейді. Оңтүстік пен оңтүстік-шығыста түнде 3-8 градус жылы болады, кей жерде сынап бағанасы 5 градус аяздан 13 градус аязға дейін, күндіз 5-15 градус жылыдан 0-5 градус жылыға дейін төмендейді. Республиканың солтүстігінде, орталығында және шығысында түнде температура 5-15 градус аяздан 0-8 градус аязға ауытқиды, күндіз 3 градус аяз бен 5 градус жылы шамасынан 2-12 градус аязға дейін өзгереді.
Бұдан кейінгі суық кезең екінші және үшінші онкүндіктерде болады: еліміздің оңтүстік-батысында түнде 10-20 градус аяз, күндіз 5-10 градус аяз болады, солтүстік-шығыста түнде 20-35 градус аяз, күндіз 10-20 градус аяз болады, — делінген синоптиктердің болжамында.