Енді «Бастау» кинофестивалінде қысқаметражды фильмдермен бірге толықметражды картиналар да бағаланады. Осыған орай фестиваль бағдарламасы екі байқаудан тұрады. Bastau shorts байқауында кейінгі 2 жылда түсірілген қысқаметражды дебют көркем фильмдер бағаланса, Bastau debuts — толықметражды фильмдер конкурсы.

Фестивальдің биылғы ұраны — «Жаңа буын киносы». Қазылар алқасы әдеттегідей фильм авторлары туралы ештеңе білмейді. Олар тек жастардың бұрынғы режиссерларды қайталамағанын қалайды.

Қазылардың міндеті — фильмге оның контекстінен тыс баға беру. Сондықтан бір ғана критерийді айтып өтемін: фильмнің көркемдік құны болуы керек. Дебютанттардың фильмі қызық, әрқайсы ерекше болады деп үміттенемін. Қатысушылардың фильмі мықты режиссерлардікіне ұқсағанын қаламаймын. Енді қадам басып келе жатқан жас мамандар өзінен үлкен режиссерды жиі қайталайды. Ондай фильмді рақаттанып тамашалай алмайсың. Керісінше, жас буынның өз ойы, басқаша көзқарасы бар. Олар кино саласына жаңа бірдеңе алып келуі керек. Автор туралы ештеңе білмей, жай ғана залға кіріп, фильмді тамашалағым келеді. Жас режиссерлардан тосын сый күтемін, — дейді Ресей режиссеры, сценарист, қазылар алқасының төрағасы Михаил Сегал.

Михаил Сегал
Фото: «Бастау» кинофестивалінің баспасөз қызметі

Қысқаметражды фильмдер байқауына қатысу үшін 44 елден 360 өтініш түскен. Оның ішінде 60-ы Ресейден. Биыл фестивальге алғаш рет Непалдың жас режиссерлары қатысады. Бірақ қазылар байқауға тек 6 фильмді іріктеп алды. Ал толықметражды фильмдер байқауына 10 картина таңдалды.

Фестивальге толықметражды дебюттік картиналарды қосқанымыз — біз үшін жеңіс. Оның үстіне, биыл осы уақытқа дейін халықаралық байқауларға қатысқан режиссерлардан да өтініш түсті. Сондықтан фестивальдің бағдарламасы тек студенттерге емес, бүкіл көрерменге қызық болады деп ойламын. Сонымен қатар дүниежүзі деңгейіндегі деректі фильмдер де көрерменге ұсынылып, фестиваль соңында озып шыққан режиссерға Ораз Әбішев қоры атынан жүлде беріледі. Бастаудың басты міндеті білім беру, жастарды қолдау болғанымен көрерменді де ұмытпадық. Фестиваль аясында Қазақстанның қазір шығып жатқан фильмдері де көрсетіледі, — дейді фестивальдің арт-директоры Диана Әшімова.

Фестиваль басшылығы биыл «Бастауды» ұйымдастыру оңай болмағанын айтты. Дегенмен олар кино саласының білікті мамандарын тәрбиелеуде мұндай фестивальдердің берері мол деп есептейді.

Биыл фестиваль сегізінші рет өткелі тұр. Бізді қолдайтындар болмаса, «Бастау» өтпей қалуы да мүмкін еді. Жас режиссерлардың шабыттанып, киноға қызыққанын қалаймыз. Биылғы ұранымызды «Жаңа буын киносы» деп алуымыз бекер емес. Сегізінші «Бастау» құтты болсын! — деді «Бастау» кинофестивалінің президенті Сергей Әзімов.

Қазылар, ұйымдастырушылар
Фото: «Бастау» кинофестивалінің баспасөз қызметі

«Бастау» фестивалі аясында Алматы тұрғындары мен қонақтары 5 күн бойы (3-7 желтоқсан) түрлі жанр мен бағыттағы 80-ге жуық фильмді тамашалай алады. Көрсетілімдер Bekmambetov Cinema (Абай даңғылы, 109В, Globus ХКФ, 2-қабат) кинотеатрында өтеді. Кіру тегін.

Сонымен қатар фестивальдің қазылар алқасы мен шетелден келген қонақтар түрлі мастер-класс өткізеді, шығармашылық кездесулер де ұйымдастырылады. Онда студенттер кино саласына қатысты сұрақтарына жауап ала алады. Басқа да керек ақпаратты фестиваль сайтынан біле аласыз. Фестиваль жеңімпаздары 2019 жылдың 7 желтоқсанында жарияланады.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!