Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ туралы: Біз ешкімге қарсы шықпаймыз

Бішкекте Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясы өтті.

Ақорда сайтының хабарлауынша, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Беларусь Президенті Александр Лукашенко, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков, Ресей Президенті Владимир Путин, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Арменияның Премьер-министрі Никол Пашинян және ҰҚШҰ Бас хатшысының міндетін атқарушы Валерий Семериков шағын құрамда кездесу өткізді. Содан кейін делегация мүшелерінің қатысуымен келіссөздер жалғасты.

Президенттер халықаралық және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөнінде пікір алмасты, ҰҚШҰ-ның 2019 жылғы басым бағыттарының іске асырылуын қорытындылап, алдағы жоспарын анықтады.

Қасым-Жомарт Тоқаев шағын форматта өткен кездесуде қатысушы мемлекет басшыларына Қазақстанның ҰҚШҰ форматындағы өзара іс-қимылдардың өзекті мәселелері жөніндегі ұстанымын жеткізді.

Біз ҰҚШҰ аясындағы саяси ынтымақтастықты дамытуға, ұйымның әскери-күш әлеуетін нығайтуға және заманауи сын-қатер мен қауіпке қарсы іс-қимылдар жасауға ниеттіміз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан басшысы Еуразия кіндігіндегі аумақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісіндегі ҰҚШҰ-ның жауапкершілігіне назар аударды. Оның пікірінше, ұйымның халықаралық беделін арттыру қажет.

Біз ешкімге қарсы шықпаймыз, керісінше, өзара тиімді диалогқа дайынбыз. Бұл ұстанымды ілгерілету маңызды, — деді Қазақстан Президенті.

Қасым-Жомарт Тоқаев ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер аумағындағы, соның ішінде Ауғанстандағы терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері туралы айтты.

Бүгінде ресми билік ел аумағының жартысынан астамын ғана бақылайды. Онда халықтың 65%-і  тұрады. Ауғанстанның қалған аймақтары террористік ұйымдардың қолында. Оңтүстіктен төнетін осындай қауіптің бар екенін ескере отырып, ҰҚШҰ халықаралық терроризм мен басқа да қатерлерге қарсы күресу үшін қарулы күштер мен құралдарды сақадай-сай ұстауы қажет, — деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы cаммитке қатысушыларға «Жусан» арнайы гуманитарлық операциясы барысында Қазақстан мен Сирияның салалық органдары 595 азаматты, оның ішінде 400-ден астам баланы қақтығыс аймағынан алып шыққанын айтты. Президент жуырда ғана Ирактан бір топ бала құтқарылғанын хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев заңсыз есірткі айналымымен күрес, ақпарат және киберқауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне де назар аударды.

Қазақстан Президенті ҰҚШҰ-ға төрағалық еткен қырғыз тарапының жетістіктері үшін Сооронбай Жээнбековке алғыс білдіріп, ұйым төрағалығын қабылдап алған Ресейді құттықтады.

Саммит қорытындысы бойынша ҰҚШҰ-ға мүше мемлекет басшылары жаһандық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту мақсатында халықаралық іс-қимылдар мен ынтымақтастықты жетілдіру туралы саяси мәлімдеме қабылдады. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі сессиясының қорытындысы бойынша барлығы 17 құжатқа, соның ішінде кеңестің 14 шешіміне қол қойылды.