Қазақстан Ирак түрмесінен 14 баланы елге қайтарды

Еліміз Иракта терроризмге қатысы бойынша сотталған Қазақстан әйелдерінің 14 баласын елге қайтарды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Осы жылдың 27 қарашасында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жүзеге асырылған гуманитарлық акция нәтижесінде Ирактан Қазақстанға түрмеде аналарымен бірге жатқан 14 қазақстандық бала қайтарылды. Олардың аналары террористік әрекетке қатысы үшін жазасын өтеп жатыр, — деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Балалар құжаттандыру үдерісі мен оңалту кезеңі аяқталғаннан кейін туыстарымен қауышады.

Бұл гуманитарлық акцияны Сыртқы істер министрлігі балалардың аналары мен туған-туыстарының сұрауы бойынша мемлекеттік органдармен, Қазақстанның үкіметтік емес құрылымдарымен және халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста жүзеге асырған. Ведомство Ирак билігіне және осы акцияны жүзеге асыруға атсалысқан тұлғалар мен ұйымдарға алғыс білдірді.

2019 жыл Қазақстан Республикасы мен ЮНИСЕФ үшін маңызды. Тура 30 жыл бұрын БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясына қол қойылды, ал ақпан айында біздің осы конвенцияны ратификациялағанымызға 25 жыл толды, — деп хабарлады СІМ баспасөз қызметі.

Еске салайық, бұған дейін Сыртқы істер министрлігі Иракта аналарымен бірге түрмеде жатқан балалар бар екенін хабарлаған еді.

2019 жылдың басында Қазақстан «Жусан» операциясын жүргізіп, Сириядан алғашқы 47 азаматты елге қайтарды. Нұрсұлтан Назарбаев сол кезде еліміз дүниежүзінің қақтығыс аймағында еріксіз жүрген балаларды қайтару жөніндегі жұмыс жалғаса беретінін мәлімдеді. Өткен қазан айында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Сириядан Қазақстанның барлығы 600-ге жуық азаматы қайтарылғаны хабарланды.