Қазақстанда мемлекеттік қызмет пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне қатысты заңнама өзгерді. Ақорда сайтының хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті заңға қол қойды.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актісіне мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды, — делінген Ақорданың хабарламасында.
Заңның мәтіні баспасөзде жарияланады.
Tengrinews.kz-тің хабарлауынша, заңға енген түзетулердің арасында мемлекеттік қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа барғаны үшін жауапқа тартылған жағдайда олардың басшыларына да, соның ішінде министрлер мен әкімдерге де жеке жауапкершілік белгілейтін норма бар.
2019 жылдың мамыр айында Қазақстан Президенті қарамағындағы адамдарының жемқорлығы әшкереленген жағдайда басшылары отставкаға кетуі керек екенін мәлімдеген еді.