Қазақстанның халық артисі Айша Абдуллина қайтыс болды

Көрнекті театр және кино актрисасы, Қазақстанның халық артисі Айша Абдуллина 103 жасында өмірден өтті. Бұл туралы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрының директоры Асхат Маемиров Facebook-парақшасында хабарлады.

Қазақ театр өнерінің тарихында ең ұзақ жасаған актриса Айша апамыздың ақ батасын алған, талай сырлас, дастархандас, өнердегі жақсы көрген балаларының бірі болғаныма ризамын. Айша Абдуллинаның ұрпағына, тума-туысқанына, әріптестеріне қайғырып көңіл айтамын. Айша апамыздың өнердегі адалдық пен тазалықты ту еткен жарқын бейнесі, адами келбеті жүрегімізде сақталады. Иманың жолдас болғай, Айша апа! — деп жазды Асхат Маемиров.

Айша Абдуллина 1916 жылы Алматыда дүниеге келген. 1935 жылы Қазақ мемлекеттік драма театры жанындағы 2 жылдық студияны аяқтаған. Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрда еңбек жолын бастаған. 1936 жылы Мәскеуде қазақ өнері мен мәдениетінің онкүндігінде өнер көрсеткен.

Декада қорытындысы бойынша Иосиф Сталиннің қолынан «Еңбек Қызыл Ту» орденін алды. Қазақ театр өнерінің тарихында Айша апа тұңғыш рет Дездомана бейнесін сомдады. Кейін Шымкентке қоныс аударып Жұмат Шанин атындағы академиялық театрда 65 жыл бойы актриса болып қызмет етті. Орындаушылық диапазоны кең актриса ұлттық драматургия бен әлемдік классиканың жауһарларында бір-біріне ұқсамайтын 100-ден аса саxналық бейнені сомдап, әйелдер бейнесінің толыққанды галереясын жасады, — деді Асхат Маемиров.

Айша Абдуллина — 1941-1945 жылдардағы соғыс ардагері, соғыс жылдары майдан даласында концерт берген. 2016 жылы Айша Абдуллинаның 100 жасы Нұр-Сұлтанда, Алматы мен Шымкентте тойланды. Өнер мен мәдениет саласына сіңірген еңбегі үшін ҚР Тұңғыш Президенті — Елбасының мемлекеттік стипендиясына ие болған.

Марқұммен қоштасу рәсімі 28 қараша күні сағат 09.00-де Мұхтар Әуезов атындағы театрда өтеді.