Алматыда нан бағасы ақпанға дейін көтерілмейді

Алматыда әлеуметтік нан бағасы 2020 жылдың 1 ақпанына дейін көтерілмейді. «ҚазАқпарат» тілшісінің хабарлауынша, бұл туралы «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Білісбеков айтты.

Асқар Білісбековтің айтуынша, келесі жылдың ақпан айына дейін нан бағасын өсірмеу үшін бірқатар компаниямен меморандумға қол қойылды.

Тараптар 3 000 тонна ұнды белгіленген баға — 115 теңгеден жеткізетін болды. Қазір қаладағы дүкендерде ұнның бағасы 125-130 теңге аралығында. Әлеуметтік нан бағасы 2020 жылдың 1 ақпанына дейін 75-80 теңгеден аспайды. Осы бағаны ұстап тұру үшін біз қазір ұн өндіретін Aizet Farms ЖШС келіссөз жүргізіп жатырмыз, яғни біз бұл келісімді ұзартуды жоспарлап отырмыз, — деді ол баспасөз мәслихатында.

«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының басшысы қаладағы сауда орындарының кейбірінде нан бағасының көтерілуіне қатысты пікір білдірді.

Мен бүкіл қаладағы нан сататын дүкендерді жауып тастай алмаймын. Мысалы, Алматыда «Ақсай нан» зауытының 200-ге жуық сауда нүктесі бар. Сол дүкендерден Magnum желісінің бағасымен нан сатып алуға мүмкіндік бар, онда әлеуметтік нан 69 теңгеден сатылып жатыр, — деді ол.

Асқар Білісбековтің айтуынша, Алматыдағы әлеуметтік нан бағасы — республика бойынша ең төмен көрсеткіш. Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тұрақтандыру үшін үздіксіз жұмыс жүргізіліп жатыр.

Еске салайық, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда нан мен ет бағасын өсірмеуді тапсырған еді. Бұдан соң Үкімет басшысы азық-түліктің қымбаттауына жол берген вице-министрлер мен өңір әкімдері орынбасарларын тәртіптік жауапкершілікке тартты.