Ауыл шаруашылығы министрі астық нарығындағы ахуал мен нан бағасы туралы айтты

ҚР Үкіметінің алаңында өткен баспасөз конференциясыда ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров астық нарығындағы ахуал мен нан бағасы туралы айтты.

Жыл басында мен нан бағасының өсуін тежеу туралы айттым. Азық-түлік корпорациясы арзандатылған астықты наубайханаларға 100-ден 150 мың тоннаға дейін сатады. Біз 100 мың тонна астық саттық. Содан бері нан бағасы тұрақты, — деді Сапархан Омаров.

Премьер-министрдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ауыл шаруашылығы министрі ауа райына байланысты 2019 жылы 1-1,5 миллион тоннаға аз өнім жиналатынын айтты. Бұл жағдай ішкі нарыққа әсер етпейді.

Егер біз 19 миллион тонна астық жинасақ, оның 9 миллионы ішкі нарықта қалады, 7-8 миллион тоннасын экспорттаймыз, 2 миллион тонна астық қалады. Сонымен бірге бізде былтырдан қалған астық бар. Оның көлемі — 1,5 миллион тонна. Жалпы ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін астық жеткілікті, — деді министр.

Сонымен бірге Сапархан Омаров Азық-түлік келісімшарт корпорациясы сатып алатын 1 миллион тонна астықтың ішінде нан өндірушілерге 150 мың тонна көлемінде, құс фабрикалары үшін 100 мың тонна көлемінде резерв бар екенін айтты.