Азық-түліктің қымбаттауына жол берген вице-министрлер жазаланады

Асқар Мамин Үкімет отырысында азық-түлік бағасының өсуіне жол берген шенеуніктерді тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды. Бұл туралы Премьер-министрдің баспасөз қызметі хабарлады.

14 қарашада Ақмола облысын дамыту жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне және бұл мәселеде орталық және жергілікті мемлекеттік органдар тарапынан дұрыс бақылау мен үйлестірудің болмауына назар аударды, — деді Асқар Мамин.

Үкімет басшысы жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының шекті бағасы барлық өңірде 15%-тен артық өскенін айтты.

Әсіресе қарақұмық жармасы (+62,9%), күріш (+32,3%), ұн (+27,8%) қымбаттап кеткен. Бағаның ең көп өсуі Шымкентте, Қызылордада, Түркістанда, Алматыда, Көкшетауда, Петропавлда, Ақтөбеде және Таразда байқалады.

Бұл осы өңірлердің әкімдіктері мен Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика, Сауда және интеграция министрліктерінің жеткілікті жұмыс жүргізбей отырғанын көрсетеді, — деді Премьер-министр.

Асқар Мамин бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша қысқа және орта мерзімге арналған нақты шаралар пакетін әзірлейтін жұмыс тобын құруды тапсырды. Сонымен бірге оның тапсырмасы бойынша азық-түлік тауарларын қымбаттатпауға жауапты Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика, Сауда және интеграция министрлерінің орынбасарлары, Қызылорда, Түркістан, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл облыстары әкімдерінің және Шымкент пен Алматы әкімінің орынбасарлары тәртіптік жауапкершілікке тартылады.