20 қарашада ел аумағының көп бөлігінде қар жауады

20 қараша күнгі ауа райына циклон жырасы мен соның атмосфера фронттары ықпал етеді. «Қазгидромет» мамандары соған байланысты күн райы бұзылатынын хабарлады.

Жамбыл, Қызылорда облыстарында көктайғақ болады, тұман түседі, бұрқасын соғады, жел екпіні секундына 15-20 метрге, Қызылорда облысында 23 метрге күшейеді. Түркістан облысында да жел күшейеді, тұман түсіп, көктайғақ болады. Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Атырау, Ақтөбе облыстарында тұман мен көктайғаққа қоса, күшті жел мен жаяу бұрқасын соғады. Маңғыстау облысында тұман түседі, көктайғақ болады. Ақмола облысында жаяу бұрқасын соғады. Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында күн тұманды болады.

Ақтөбе облысында 19 градус, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар облыстарында 25-30 градус, Қарағанды, Шығыс Қазақстан облыстарында 33 градус аяз болады.