19-21 қараша күндері 33 градусқа дейін аяз болады

19-21 қараша күндері аяз болады. «Қазгидромет» кәсіпорны мамандары алдағы үш тәуліктің ауа райына осындай болжам жасады.

Синоптиктердің мәліметінше, Кар теңізінің ауа массаларында антициклон қалыптасып, ол оңтүстік-батыс бағытта жылжиды да, 21 қарашада Ресейдің Еуропа аумағындағы бөлігінің орталығына дейін жетеді.

Антициклонның шығыс перифериясы бойынша Қазақстанға Батыс Сібір арқылы Арктика теңіздерінен өте суық ауа массасы келіп, республиканың басым аймақтарында күн айтарлықтай суиды. Солтүстік, орталық және шығыс облыстарда ауа температурасы 28-33 градус аязға дейін төмендейді, сонымен бірге өңірлерде қар жауып, бұрқасын мен екпіні қатты жел соғады, — деп хабарлады «Қазгидромет» кәсіпорнының мамандары.

Бұл күндері батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс облыстардың кей жерінде қар жауып, көктайғақ болады, тұман түседі, түнде 7-15 градус, қиыр оңтүстікте 3-8 градус аяз болады.